Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелдерінен қысым көретін еркектер де бар": Депутат Аманжол Әлтай әйелдер туралы заң жобасында еркектердің сөзін сөйлеп шықты

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай әйелдердің құқығын қорғап жатқанымызбен, қоғамда әйелінен жәбір көретін еркек, баласынан қорлық көрген ата-аналар да бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот

Аманжол Әлтайдың айтуынша, қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар болып жатыр. 

“Анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қараған қазақ деген халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар белең алып жатыр.  Ер азаматтан қысым көрген әйел адам ғана емес, әйелден де қысым көрген еркектер де баршылық. Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біз "әкеммен ақылдасайын", "әкемнен сұрайын", "әкем біледі" деген түсінікпен өскен буын едік. Қазір "мамам біледі", "мамамнан сұраймын", "мамам шешеді" деген балалар көбейіп бара жатыр. Оған кеше ғана Қарағандыда 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомбылық көргені дәлел болып отыр”, –дейді мәжілісмен.

Ол білегінен әл кетіп, бойындағы күші сарқылған ата-анасына жәбір көрсететін балалар көбейгеніне алаңдап отыр. 

“Қоғамда ер азаматтар мен ата-аналардың құқығын қорғау мәселесіне қандай жауап беріледі? Ақпарат саласының өкіліне айтарым, бүгінде ақпарат кеңістігінде қазақ жігіттерін, ер-азаматтарын ез, қорқақ, жалтақ қылып көрсететін түрлі контенттің көбеюі, комедиялық жанрдағы фильмдердің көбеюі нені түсіндіреді?” – деп Аманжол Әлтай баяндамашы Жұлдыз Сүлейменова мен мәдениет және ақпарат министрлігінің өкіліне сұрақ қойды. 

Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобасы тек әйелдер мен балалардың құқығын ғана қорғамайтынын айтты.

"Денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бабы барлық азаматтың құқығын қамтиды. Сондықтан заң әйел мен ер азаматты бөлмейді, әйелдің құқығы – адамның  құқығы, ер азаматтың да құқығы – адамның құқығы деген қағидатты негізге алып жасалып отыр”, – деді баяндамашы.

Ол конституцияда балалардың зейнеттегі ата-анасына қамқорлық көрсетуі нақты белгіленгенін атап өтті.

“Сіз айтқан оқиға қоғамда үлкен мәселе бар екенін көрсетіп отыр. Тәрбиені күшейтіп, ақпараттандыруды, психологиялық қолдауды күшейтуіміз қажет. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар бойынша да нақты нормалар бар", – деп атап өтті ол.

Ал мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов заңнаманы басшылыққа алып жұмыс істейтінін айтты. 

"Қазір әке институтын дамытудың маңызды екенін түсініп отырмыз. Былтыр “Әкелер күнін” енгіздік. "Әкелер одағы" институтының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Теңсіздік мәселесі мен отбасындағы ер адамның рөлін анықтау бойынша жұмыстар атқарылады", – деді Кочетов. 

Бұған дейін мәжіліс отырысында әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасына қатысты сұрақ қою кезінде Ермұрат Бәпи әкелерге қатысты заң қабылдау бастамасын көтерген еді

“Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залдағылардың көбі "Әкең келсін, сазайыңды береді" деген тәрбиемен өстік қой. Ер азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім, Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар? – деді Бапи. 

Талқылау