Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйел қаза тапты": Қостанайда әкімдіктің көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін мойындады

Қостанай әкімдігінің бұрынғы жүргізушісі 25 жастағы Данияр Ибрашев биылғы жылдың 15 қаңтарында Маяковский-V көшелерінің қиылысында жаяу жүргінші 52 жастағы "Жемчужина" жеке емханасының дәрігері Елена Сухареваны қағып кетіп, әйел қаза тапты. Данияр 7 маусымда болған сотта кінәсін мойындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Наша газета” порталына сілтеме жасап.

Айыптау қорытындысына сәйкес Ибрашев бағдаршамның сары түсіне өтіп кеткен. Ал марқұм болса жолды қызылға кесіп өткен.

Сотталушы "077 РК 10" мемлекеттік нөмірі бар "Тойота Камри" көлігін басқарған. Ол қылмыстық өркөкіректік көрсетіп, белгіленген жылдамдықты шектен асырып, сары бағдаршамнан өтіп, Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Соқтығыс кезінде көліктің жылдамдығы 86,31 км/сағ, жаяу жүргіншінің жылдамдығы 6,8 км/сағ болған. Соқтығысқаннан кейін жаяу жүргінші ауруханаға жеткізіліп, қайтыс болды”, – деді айыптау актісін оқыған прокурор Алма Нұрсейітова.

Данияр Ибрашев өз кінәсін толық мойындап, өкініп, жәбірленуші деп танылған марқұмның ұлынан кешірім сұрады.



"Сол күні мен жұмысқа, әкімдікке баруға асықтым. Біз қаңтар оқиғасына байланысты аптасына жеті күн жұмыс істедік. Жолда телефонымның қуаттағышын ұмытып кеткенім есіме түсіп, қайтып оралдым, кешігіп қалмас үшін, әріптестерімді жерге қаратпау үшін жылдамырақ айдадым. Ауа райы нашар болғандықтан айнала анық көрінбеді. Мен соқтығысудан аулақ болдым. Адамды қағып кеткенімді түсінгенде, тоқтадым, шықтым, жедел жәрдем шақырғым келді. Бірақ оны әлдеқашан шақырып қойған екен. Болған жағдай үшін тағы да кешірім сұраймын”, – деді Ибрашев сотта.

Сотталушы жәбірленушіге материалдық шығын мен моральдық шығынды төлеп қойғанын түсіндірді. Мұны марқұмның ұлы – 24 жастағы Алексей Сухарев растады. 

“Сотталушы бірден кешірім сұрады, көңіл айтты. Кейін анамның бейітіне бірге бардық. Ол одан да кешірім сұрады. Материалдық шығын мен моральдық шығынды төлеп қойған. Кешірімімді бердім. Мен оны бас бостандығынан айыруды талап етпеймін”, – деді Сухарев сотта.

Сотталушы өз кінәсін мойындауына байланысты сот куәлардан жауап алмау туралы шешім қабылдады. Сот бұл іс бойынша талқылауды 10 маусымға белгіледі.
 

Талқылау