Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел экс-күйеуінің туыстарын кешкі асқа шақырған - Қонақтың үшеуі қайтыс болды

Аустралияның оңтүстігіндегі Леонгата қаласының тұрғыны Эрин Паттерсон 29 шілдеде бұрынғы күйеуінің туыстарын қонаққа шақырған. Оларға түскі ас кезінде саңырауқұлақ асын ұсынған. Арадан бір апта өтпей жатып келген қонақтардың үшеуі қайтыс болды. Олар улы саңырауқұлақтан уланған.

Виктория штаты полициясының хабарлауынша, 70 жастағы Гейл Паттерсон мен оның 66 жастағы әпкесі Хизер Уилкинсон ауруханада қайтыс болды. Бір күннен кейін Гейлдің 70 жастағы күйеуі Дон көз жұмған. Төртінші қонақ, Хизер Уилкинсонның 68 жастағы күйеуі Ян ауруханада жатыр. Оның жағдайы ауыр. 

Хабарланғандай, оған бауыр трансплантациясы қажет. Бұл жағдай Леонгата қаласын дүр сілкіндірді. 

48 жастағы Эрин Паттерсон қатты күйзелгенін және болған жағдайға әлі сене алмайтынын айтты. Виктория полициясының адам өлтіру бөлімінің детективі Дин Томас Паттерсонның күдікті екенін айтуда. Себебі тамақты ол дайындаған және одан өзі дәм татпаған жалғыз адам. 

Ол сондай-ақ Эрин Паттерсонның күйеуі Саймонмен ажырасқанын, бірақ олардың жақын дос ретінде араласатынын айтты. Қонақтар келген күні түскі аста Эрин мен Саймонның екі баласы болған. Алайда олар басқа тамақ жеген. Олардан ауру белгілері анықталған жоқ. 

Томастың айтуынша, Эрин Паттерсонның үйіне келген қонақтардағы ауру белгілері саңырауқұлақтан улану белгілерін көрсетті. 

Эриннің түскі асқа қандай саңырауқұлақ бергені әзірге белгісіз. Паттерсон тілшілердің сұрағына жауап бермей, үйіне кіріп кетті. Полиция Эрин Паттерсонның үйіне тінту жүргізіліп, сот-медициналық сараптама үшін бірнеше зат тәркілегенін растады. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарды жабайы саңырауқұлақ жинаудан бас тартуға шақырды.

Талқылау