"Ауруханадан түрмеден қашқандай қаштым": Жігер Ауыпбаев ауыр диагнозы туралы айтты
Танымал әнші Жігер Ауыпбаев бала кезін еске алып, ауыр науқасқа шалдыққанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Бала күнімде өте көп ауырдым. 6-сынып оқып жүргенде өлім аузынан қалғаным бар. Бірнеше рет ота ажсалды. Сол кездің өзінде заман қиын еді. Адамдардың тұрмысы төмендеп, жалақы ала алмай жүрген кездері. Теңге ауысып, анам мен әкем жұмыстан қысқарған. Жығылғанға жұдырық болып, мен де ауырып қалдым. Ауыр диагноз. Мені ауруханаға жеткізеді. Бас дәрігер мен хирург "Мына баланы өлтіріп аласың” деген әңгімесін естіп қалғанмын. Есім бір кіріп, бір шығып жатыр. Ұйықтап кетіп, қайта оянам. Сөйтіп, бас-аяғы 6-7 айдай ауруханада жаттым. Сыртта не боп жатқанын білмейсің”, – ауыр күндерін еске алды.
Ата-анасы баласының емі үшін үйін сатқанын да жасырмады.
Ауруханада жата бергесін, үйді қатты сағындым. Дәрігерлер"Ертең шығасың" десе, "Бүгін шыға берсем бола ма?" деймін. "Ата-анаңа ескертіп қойдың ба?" дейді. Мен "Иә" дей саламын. Дәрігерді сендіргеніме қуанып, әрі үйге баратыныма шыдамсызданып, үстімдегі жұқа киіммен үйге жүгіріп кеттім. Ауруханадан түрмеден қашқандай қаштым. Есікті қағып, "ана-әке" деп кіріп келсем, басқа адамдар тұрып жатыр. Жүгіріп әжемнің үйіне барамын. Сөйтсем, менің дәрілеріме ақша керек болып, үйді сатып жіберіпті. Содан бастап "Мен үшін үйді сатты. Енді ата-анама үй әперем" деген жігер пайда болды", – дейді әнші.