Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасыма, ата-анама көмектесуім керек болды": "Димаш" атанып кеткен алматылық санитар жұмысы туралы

Алматы қаласының тұрғыны Бақытбек Әмірханов үш айдан бері жаңадан салынған модульдік ауруханада санитар болып істеп жүр. Мамандығы әнші болған соң той мен концерттерден табыс тауып жүрген ол карантин кезінде жатыпішер болғысы келмеген. Ауруханадағылар оның өнеріне тәнті болып, "Димаш"  деп атайтын көрінеді.  Stan.kz тілшісі Бақытбектің өзімен тілдесіп, жұмыс бабында болған оқиғаларын тыңдады. 

бақытбек

Алматы қаласында қарапайым отбасында туған Бақытбек Әмірхан бес ағайынды екен. Көпбалалы отбасы болған болған соң, карантин басталғанда үйге қаржылай көмек болсын деп модульдік аурухананың жұмысынан бас тартпаған көрінеді. 

"Басында екі ай ерікті болып қызмет атқардым. Бірінші еріктілер командасына қосылғанда неге істеп көрмеске деген ой болды. Содан екі ай бойына істеп, көп нәрсені көрдік. Істеген еңбегіңе қарай айлық төленбегесін де шаршайды екенсің. Оның үстіне көпбалалы үйден шыққан соң, отбасына өз үлесімді қосу керек болды. Сөйтіп еріктілер тобынан кеттім. Үйде екі аптадай болып, жақын таныстарымнан жаңа модульдік аурухана ашылғанын, жұмысқа орналасуға болатынын айтты. Олар жұмыстың ауыр болатынын, тазалау жұмыстарын жасап, науқастарға қарайтынымызды, үйдегілерді айлап көрмейтінімізді ескертті. Ал өз денсаулығыңа өзің жауаптысың деп айтты. Айлығы да жақсы екен", - деген ол бұл ісі туралы ата-анасына алғашқыда айтпаған екен. 

бақытбек

Отбасында ортаншы бала болған соң, мен үшін аса қатты алаңдай қоймайды деген Бақытбек үйдегілері өзіне сенетінін айтты. Арада уақыт өтіп алғашқы айлығын үйіне жібергенде ата-анасына қайда жұмыс істейтінін түсіндірген. Көпшілік арасында тез тіл табысып кететінін білген ата-анасы ұлының бұл игі әрекетін қолдамаса ренжи қоймапты. 

"Ауруханада істеп жүргенде көп оқиғаны бастан кештік. Түрлі оқиға болды. Көз алдымызда қаншама адамдар кетіп жатты. Ондайда екі-үш күнге өзіме келе алмай жүрдім. Өнер адамы болған соң адамдармен тек қана ән-би ортасында жүрген соң ауыр тиді. Көп адамдардың көзіндегі мұңды көрдім. Қанша жерден бай болып, соңғы үлгідегі телефон ұстағанымен, өзі палатада не ас іше алмай, не дәретке шыға алмай, көзі жасқа толып жатыр. Барып аға-көкелеп асты-үстіне түсіп, аузына тамақ саламын", - деген Бақытбек дәрігерлердің жанкешті еңбегін көріп оларды қатты құрметтеп кеттім дейді.  

"Ақ халатты абзал жандарға басымды иіп алғыс айтамын. Кейде халық оларды жамандап, еңбектерін елемей жатады. Олардың еңбектерін өз көзіммен көрдім. Күндіз-түні үзіліссіз еңбек етіп шаршағандарын ұмытып жатады. Дәрігерлердің еңбегі ерен", - деп дәрігерлерге алғысын білдірді ол. 

Науқастардың палатасын тазалап қана қоймай олардың көңілін көтеріп, сәл де болса жандарына демеу болуды ойладым дейді Бақытбек. Тіпті, екі күн демалыстан қайтып келгенде науқастар кәдімгідей сағынып, іздеп қалатын көрінеді. 

бақытбек

"Басында көп адамдардың үрейленіп жатқанын көріп, жұқтырып алам ба деп ойлай бастайсың. Бірақ ақша табау керек болды. Бір жағынан игі іс, сауап жинадым деп ойлаймын. Дінімізде де ауырып жатқан адамның жағдайын сұрап, күткен адамға да мол сауап жазылатыны айтылған. Ән айтып көңілдерін көтеріп, ойларын уайымнан-қайғыдан бөлемін. Олар кейде мені "Димашқа ұқсайсың" деп айтып жатады", - деген ол осы жұмыстан көп нәрсені жадына түйгенін жеткізді. 

"Денсаулық пен уақыттың қадірін білдім. Адамдық қасиетті сақтау қалу ең бастысы екен ұқтым. Отбасымды қатты сағындым. Ет-жақындарыңмен бірге отырып ас ішудің қаншалықты бақыт екенін сезіндім. Үйдегілерді қатты сағындым", - дейді әнші. 

"Қамшының сабындай қысқа өмірде атымды тарихта қалдырып кеткім келеді. Шет елдерге конкурстарға барып, бақ сынасам деймін. Алла қаласа, барлығы біткен соң шығарашылық жолға түскім келеді. Қазақстандық байқаулардан көңілім қалды. Шет елге барып атымды шығарғым келеді. Димаш үлгі көрсетті", - дейді алдағы жоспарлары туралы. 

 

Талқылау