Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауру әйелі мен балалары үшін қазақстандықтардан 26 миллион теңге жинап алған азамат тоқал алған

Нұрлан Бекбосын осыдан бірнеше уақыт бұрын халықтан көмек сұрап, қомақты қаражатқа ие болған. Ол ауру әйелі мен үш баласының күтіміне өзі қарап отырғанын алға тартты. Алайда жағдайым жоқ деген жігіт ағасының көлік алып, баспаналы болған соң тоқал алғаны белгілі болды. 

Бұл туралы “Көреміз” бағдарламасында айтылды. 

Нұрлан Бекбосын әйелі Сараның психикалық ауруына байланысты жылына екі рет ауруханаға жататынын айтты. Бұл кездерде үш баласына, құндақтағы кенжесіне дейін өзі қарайды. Тамақтану орнында аспаз, мешітте азаншы болып жұмыс істеген. Бала күтіміне байланысты жұмысқа шыға алмай қолы байланып отырғанын да атап өтті. Ал жәрдемақы әйелінің емі мен балаларының керек-жарағына жетпейтінін жеткізген еді. 

Көз жасын көл еткен ер азаматқа халық жылу жинап берді. Бас-аяғы 26 миллион теңге Нұрланға табыс етілді. Ол көлік алып, үй алып, көпшілікке алғысын айтты. Алайда араға уақыт салып бірінші әйелі Сара өз мұңын шақты. 

“Маған балаларды көрсетемін, ақша сұраймын деп ескерткен жоқ. Ақшаға да мұқтаж болған жоқ. Ол тоқал алды. Мен оған мәжбүрліктен көндім. Бір үйде тұрдық. Енді балаларымды алып төркініме кетіп қалдым”, – деді Сара. 



Ал Нұрлан Бекбосын екінші әйелді балаларға бас-көз болу үшін алғанын айтып ақталды. Одан бөлек алған жаңа баспананың да екінші әйелдің атында екені белгілі болды.

“Мен бағдарламаға шыққан соң маған көп әйелдер хабарласты. Мөлдір Шымкенттен хабарласты. Оның үш баласы бар. Мен жас қыз алып отырған жоқпын. Оның да үш баласын бағып отырмын. Ол саудаға жақын. Ақшаның аздаған бөлігін саудаға салып, жұмыс істесек деп ойладым. Екі әйелім тату. Бір үйдің қыздары секілді. Сара тамақ дайындап үйде отырады. Ал Мөлдір екеуміз саудаға шықтық. Бір үйде екі жатын бөлме бар. Үш күн бір әйелімнің, үш күн екінші әйелімнің қасындамын. Ешкімді бөліп-жармаймын”, – деді ол. 

Нұрлан Бекбосын енесі күйеу баласының әрекетін құптамайды. 

“Қызымды көпшілікке көрсетіп, масқара етті. Ешкімнен рұқсат та сұраған жоқ. Ешкімге ешнәрсе ескерткен жоқ. Балалары да сап-сау. Қызымның құрсағындағы сау баланы алғызып тастады. Ақшаға да мұқтаж емес. Айтқанының бәрі өтірік”, –деді енесі. 

Ал Нұрланның тоқалы Мөлдір жаным ашығаннан келдім деп ақталды. 

“Мен оған жаным ашыды. Балаларына қарасайын дедім. Ол әйелінің үнемі ауруханада екенін айтты. Он күндей ғана үйде болады деді. Мен оның әйелі шынында да үйде болмайды деп ойладым. Ал маған жазылған үйде кейін ініме аударасың деді. Ал ортақ неке үш адамның келісімімен болды. Сараның, менің, Нұрланның келісімімен жасадық”, – деді Мөлдір. 

Ал сарапшылар мен заңгерлер Нұрланның ісінде қылмыстық әрекеттер барын ашық айтты. Тіпті екінші әйелі екеуін ұйымдасқан қылмыс жасады деп те айыптауға болатынын алға тартты. 

Талқылау