Адам ұрлау мен тонау көбейді: Ауғанстандағы қазақ кәсіпкер жер сілкінісінен кейінгі халықтың жағдайы жайлы айтты
Ауғанстанда соңғы бір аптада үшінші рет жер сілкінді. Алғашқы екі зілзала 2000-нан астам адамның өмірін қиған. Айтып келмейтін апат әлі де оқтын-оқтын қайталанып жатыр. Елдегі қазіргі жағдай туралы Ауғанстандағы қандасымыз Stan.kz тілшісіне айтып берді. Ол зілзаладан қатты зардап шеккен Герат қаласының тұрғындарына ерікті ретінде көмектесіп жатыр.
Насим Мұхаммедтің жеке архивінен
Насим Мұхаммед Ауғанстан астанасы Кабул қаласының тұрғыны. Ол жылына 800 миллион долларға дейін экспорт жасайтын "Қазақ" атты кілем фабрикасының директоры. Қандасымыз Ауғанстанның жер сілкінісінен қатты зардап шеккен ауылдарда азық-түлік, көрпелер, шатырлар сияқты керек-жарақтарын таратуда.
Ол елдегі халықтың жағдайы нашар екенін айтады, бұқараға ел ішіндегі кәсіпкерлер көмектесіп жатқан көрінеді.
"Ауғанстанда араға үш-төрт күн салып жер қайтадан сілікініп жатыр. Халықтың басым бөлігі саябақтарды паналауда. Мүмкіндігі барлары шатыр тігіп алған. Төрт-бес реттен әлсін-әлсін жер сілкінген соң, халықтың бойын үрей билеген. Топырақ астында қалған адамдар да бар. Кейбірінің денелері өлі күйінде шығып жатыр. Гераттың айналасындағы 20-дан астам ауыл зардап шегіп, оның 13-і түгелдей дерлік қирап қалды. Біз сияқты кәсіпкерлерден бөлек, қайырымдылық қорлары да көмек қолын созуда", - дейді сұхбат беруші.
Насим Мұхаммедтің жеке архивінен
Насим мырзаның айтуынша, Герат қаласында зардап шеккен этникалық қазақтар туралы ақпарат жоқ. Бірақ бірнеше қандастардың ауылдар да тұратынын тілге тиек етті.
"Зардап шеккендерге дәрі-дәрмек, азық-түлік және басқа да заттар тегін берілуде. Зинданжан деген жерде қатты жер сілкінді. Мұндағы халықтың барлығы да жер үйлерде тұратын. Бұрын соғылған ескі саз балшықты үйлер ғой.
Зілзала күндіз болған соң, мал жайылымда жүрген шаруаларға аса көп шығын болмады. Екінші күні тұрғындардың барлығы сыртта жүрді. Таңертең апат қайтадан орын алған соң, малы да қырылып қалғандары бар", – дейді жеке кәсіпкер.
Айтуынша, Иран, Пәкістан, Қазақстан елдерінен алғашқы көмек жеткен.
Насим Мұхаммедтің жеке архивінен
"Екі күн бұрын Рабат-Санги қаласында 6,4 баллдық жер сілкінісі кешкі сағат 20:00-де орын алды. 200 үй қирап, 250-ден астам адам жарақат алып, 7 адам бақилық болды. Тұрғындардың көбі сыртта жүргеннен кейін өлім саны аз. Кешегі Зинданжан аймағындағы жер сілкінісі Иранның Машат қаласына дейін сезілген", – дейді жат жұрттағы ерікті.
Насим Мұхаммед "Талибан" билігінен тікелей көмек жоқтығын жеткізеді.
"Тек қана мемлекеттік және жеке ауруханалардағы дәрігерлер тегін қызмет көрсетуде. Дәрі-дәрмекті халық өз қалтасынан сатып алып жатыр. Елдегі кәсіпкерлер де қолдарынан келгенін жасауда. Кейбір дәріханалар тегін дәрі таратуда. Билік халықты баспаналарына кірмеуге үндеп жатыр. Жер сілкінісінің әлі де қауіп-қатері барын айтып, ауыл-ауылды аралап жүр.
Азық-түлік пен шатыр жасайтын материалдардың бағалары да күрт өсіп кетті. Нарықтағы бағаны қайтаруға билік тырысуда. Халық қалың маталардан шатыр. Иран елінен де шатырлар жеткен. Адам ұрлау және тонау сынды қарақшылық шабуылдар өршу үстінде тұр. Тәліптер болса елдегі қылмыс санының артпауын қатаң бақылауда", – дейді ол.
Қадырбек ӘУЛИЕАТА