"Әттең, сотталып кетесің": Саят Медеуов әнге балағат қосатын әншілерді ұрғысы келетінін айтты
Әнге балағат сөздерін қосып айтатын әншілерді сынға алған Саят Медеуов оларға жұдырық жұмсағысы келетінін айтты. Әншіні тоқтатыны – заң. Әйткенмен, Медеуов осы заң сахнада ойына келгенді жасап, есіріп жүрген әртістерге тоқтау салса деген тілекте. Медеуов Қазақстан" Ұлттық арнасының "1001 түн" бағдарламасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кез-келген уақытта үйдегілермен отырып, ғаламторды ашып қалсаңыз, көру мүмкін емес. Барлығы тола боқауыз. Кішісі де, үлкені де. Қазір кішкентай балалардың өзі боқтап сөйлейтін жағдайға келдік. Үлкен отыр-ау деген ешқандай сыйлау жоқ. Сахнаға шығып жатқан қазіргі әншілерді тыңдау мүмкін емес.
Замандастарымыздың да істеп жүрген тірлігі оңып тұрған жоқ. Кез келген киноны алып қараңыз, ішінде боғауыз сөздер бар. "Қысып жүр" деген сөздер бар. Аттарын айтпай-ақ қояйын, айтсам, жарнама болады, әріптестерімнің көбісі көгілдір адамның рөлін ойнап, видео түсіретін жағдайға келді. "Оны алып тастаңдаршы" деп айтып та көрдім. Бірақ алмайды. Өйткені көрермен жинайды, сол арқылы ақша табады. Бұл – үлкен опасыздық. Біз боғауыз арқылы болашақтың тамырына балта шауып жатырмыз.
TikTok пен Instagram-ға видео салуға шектеу қоя алмайды, ол біздің қолымызда емес. Бірақ кім сонда жаман сөз салса, сон мемлекеттік тұрғыдан жазаламаса, бұл тоқтамайды. Сол адамдарды жауапқа тартып, мүмкіндік болса, қамаса да болады", – деп мәлімдеді әнші.
Әнші бұған дейін де жан айқайын желі арқылы көпшілікке жеткізген еді. Медеуовтің бастамасын кей әріптестері қолдаса, енді кейбірі қарсы шығуда. Тіпті, ел арасында "Медеуов елдің назарын өзіне қарату үшін шу шығарды" деп ойлайтындар бар екен.
"Мүмкін өзіңізге назар аудару үшін істеп отырған шығарсыз деп жекеме жазғандар бар. Маған назардың керегі жоқ, Құдай аударып жатыр, сол жеткілікті. Маған ұрпақтың дұрыс тәрбиеленгені керек. Кез-келген адам қартайған шағында қарайтын ұрпақ керек.
Біз жас әнші жазыпты: "Жастарға еркіндік беру керек. Сонда ғана өнер дамиды", – деп. Сонда боғауыз болмаса, өнер дамымай ма? Мен осыны түсінбедім.
Бұларды ұрса да болар еді. Әттең, сотталып кетесің. Заңнан қорқып сөйлей алмаймыз. Әйтпесе ұрғың келеді", - дейді Медеуов.
Медеуовтің пікірінше, кей әртістер тойынғаннан есіріп, ойына келгенді істеп жүр.
"Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" деп Абай атамыз айтпақшы, бұлар тамағы тоқтықтан тойып секіріп жүр деп ойлаймын. Ал қарапайым бүлдіршіндер жағдайдың жоқтығынан соларды тыңдап, бүлініп жатыр", – дейді ол.