Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы үш адамның өлімі: Полиция қызметкері дер кезінде әрекет етпегені үшін сотталды

Атырау қаласында үш адамның өлімінен кейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор Қ.Р. әрекетсіздігі үшін нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

тройное убийствоДереккөз Lada.kz

Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Н. есімді азамат полиция қызметкеріне шағымын айтқан. Ол бұрынғы әйелімен бірге тұратын ер адамның кәмелетке толмаған балаларын ұрып-соғатынын айтқан. Әңгіме барысында балалардың бірі әкесінің сөзін растап, сонымен қатар полицейге анасымен бірге тұратын азаматтың Қ. оқ-дәрілері бар тапаншаны үйде сақтайтынын жеткізген.

Алайда полицейдің бұл ақпаратқа немқұрайлы қарағаны атап өтілген.

"Соның салдарынан қаруын заңсыз сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылмайтынын сезген Қ. сол күні сағат 22.30 шамасында Атырау қаласы Авангард-3 ықшам ауданында заңсыз сақталған қаруымен азаматтарға бірнеше рет оқ атқан. К., З. және И. алған жарақаттарымен оқиға орнында көз жұмды, ал Н. ауыр дене жарақаттарымен Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген (бұл факті бойынша жеке қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр)", – деп атап өтті сотта.



Сотталушы Қ.Р.-ның кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және бейнежазбалармен дәлелденді.

Прокурор сотталушы К.Р.-ны құқық қорғау қызметімен айналысу құқығынан және арнаулы атағынан өмір бойына айыра отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы мен қорғаушы оны ақтауды сұрады.

Сот полицейдің антын бұзғанымен, жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайы бар екенін ескерді, яғни кәмелетке толмаған балаларының болуы.

Нәтижесінде сот оны өмір бойына құқық қорғау органдарындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сонымен қатар сотталушы полиция капитаны деген арнайы атағынан айырылды.

Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау