Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нәрестенің мәйітханада екенін 10 күннен соң білдік": Атырауда ауруханада көз жұмған жүкті әйелдің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлады

Атыраудың облыстық ауруханасында түсік тастаған 32 жастағы әйел жұмбақ жағдайда көз жұмды. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Сөздерінше, марқұмның денсаулығында еш кінәрат болмаған. Олар келіншекке мамандардың отаны дұрыс жасамағанына сенімді. Оның үстіне өзін жайсыз сезініп, ауруханаға барған жүкті әйелді дәрігерлер бір күннен кейін үйге қайтарып жіберген. Осыдан кейін әйелдің жағдайы нашарлап, қан құса бастапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

әйел

Айтуларынша, 10 шілде күні жүктілігінің 17 аптасында өзін жайсыз сезінген әйел облыстық ауруханаға жеткізіледі. Бірден дәрігерлердің бақылауына алынып, жүкті келіншекке жедел түрде ота жасалады. Бірақ небәрі 32 жастағы ананы ақ халаттылар аман алып қала алмаған. Ал Гүлфайруздың жақындары өз аяғымен сау барып, жұмбақ жағдайда қаза болған қыздарының өліміне дәрігерлер кінәлі дейді. Әрі сәби анасының құрсағында деп ойлаған отбасы 17 апталық шақалақтың денесі он күннен бері мәйітханада жатқанын білмеген.

“Ауруханның дәрігерлері салғырт қарағандары бізді қынжылтады. Ота жасаған Арман Қыдырбаев сіңіліме салғырт қарап, бақылауға алмай, ауру күйінде бақылауға алмай үйге жіберіп қойды. Оның екі күннен кейін қансырап барғаны, бәрі бізді қынжылтады. Денсаулық сақтау басқармасынан бас дәргерді қатаң заңды түрде жауапқа тартуды талап етеміз”, – деді марқұм Гүлфайруз Сабенованың туысы Айжан Сабенова. 

“Қателік не болса да өздерінен кетіп отыр. Өздерінше ананы-мынаны айтып отыр. Бірнеше диагноз қойды. Егер оған дейін ауырған адам болса, екі бірдей баланы өзі қалай босанар еді. Аман-есен босанды ғой. Мұнда дәрігерлердің кінәсі бәрі”, – деп қосты Болған Сәрсенғалиева. 

Марқұмның туыстары бұл іске кінәлілер анықталып, тиісті жазаларын алсын деп отыр. Ал қайтыс болған келіншектің артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Қазір бұл іске қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

“1990 жылы туған аяғы ауыр әйел адамның қайтыс болу фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің 317 бабы, яғни медицина немесе фармацетивка жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды”, – деп мәлімдеді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Жалпы өңірде ана мен бала өлімі жиілеген. Мәселен, былтыр 50 шақалақ өлі туылса, 1 жасқа дейінгі шетінеген сәбилердің саны 69-ға жеткен.

Талқылау