Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау жастары туралы "Dauys" деректі фильмі жарық көрді

Танымал режиссёр Қанат Бейсекеевтің тағы бір фильмі жарық көрді. Режиссёрдің "Dauys" атты деректі фильмі қазіргі жастардың құндылықтары, мақсаттары мен болашағына көзқарасына арналды.

Дауыс

Фильм тұсаукесері алтыншы жыл сайынғы жастарға арналған "САМҒАУ" бизнес-фестивалі аясында өтті.

"Dauys" фильміндегі басты кейіпкерлер – үш жас жігіт пен бойжеткен, Атырау қаласының тұрғындары. Жастардың басты мақсаты – өз қаласының болашағын жарқын ету.

Фильмнің қысқаша сюжеті мынадай: Атырау еліміздің мұнайлы қаласы екені бәріне белгілі. Сондықтан мұндағы халық өз өмірін "қара алтынмен" байланыстырған. Осы салада еңбек ету атадан балаға мұра ретінде жеткізіледі. Алайда қалыптасқан өмір салтынан еркіндікке шығып, өзгеше тіршілік етуді қалайтын жастар бар. Міне, фильмнің басты кейіпкерлері – осындай жастар. Олар да мұнай саласында еңбек етеді. Бірақ олар бос уақытын мұқтаждарға көмектесуге, музыка мен әлеуметтік кәсіпкерлікке арнайды. Жалпы айтқанда, қала өмірінің өзгергенін армандайды. Бұл төрт қыз-жігіт болашақ ұрпаққа дамыған, сан салада қызмет көрсете алатын қаланы аманаттағысы келеді.

"Фильм адамдардың көпшілігі бала кезінен өмірін мұнаймен байланыстыратынын біліп өсетін қала бар екенін көрсету мақсатында ойластырылған. Біз мұнай-газ секторында жұмыс істесе де, қалаға өзгеріс әкеле алатын жастарды тапқымыз келді. Олар қауымдастық құрып, өзгелерге ықпал жасап, шабыттандырады. Осылайша біз төрт кейіпкерді таптық, олардың әрқайсысы мұнаймен байланысты, бірақ бос уақытының көп бөлігін музыкаға, волонтерлікке  және әлеуметтік кәсіпкерлікке арнайды. Қалада осындай адамдар болса, олар оны өзгертеді", – деді фильм режиссёрі Қанат Бейсекеев.

Оның сөзінше, фильмнің мәні – Атырау халқына жақсы өмір іздеп, Алматы және Астана сынды үлкен қалаларға көшкен кезде талантты жастарын жоғалтатынын көрсету.

"Біздің кейіпкерлер өте өршіл, олар кетемін деп өтірік айтпайды, бірақ бір нәрсе оларды Атырауды таңдауға мәжбүрлейді", - деді режиссёр.

Фильм Атырау жастарын дамыту бастамасы (Atyrau Youth Development Initiative, қысқаша AYDI) жобасы қолдауымен түсірілді. Бұл жоба Атырау қаласы мен жас атыраулықтарды урбанистикадан бастап әлеуметтік кәсіпкерлікке дейінгі түрлі салаларда дамытуға бағытталған. Бастаманы British Council, Impact Hub Almaty және Urban Forum Kazakhstan коалициясы Атырау облысының әкімдігімен әріптестікте әзірлеп, басқарады және оған "Шеврон" корпорациясы демеушілік етеді.

"Dauys" деректі фильмін мына сілтеме арқылы толық көруге  болады.

Айта кетейік, "САМҒАУ" бизнес-фестивалі  "I-SEED: инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру" жобасының аясында өткізілді. "САМҒАУ" мектеп оқушылары мен студенттерге іскерлік дағдыларды үйрету және әлеуметтік салада бизнесті бастау үшін пайдалы болатын көшбасшылық қасиеттерді дамыту мақсатында құрылған.  Табысты кәсіпкерлер мен үздік бизнес-тренерлер  онлайн-фестиваль қатысушыларына бюджетті минималды стартапты дамыту туралы және кәсіпкерліктің басқа аспектілері туралы айтып береді. 

Биылғы шараға BRO Glasses негізін қалаушы Данияр Шайкемелов, кәсіпкер және нетворкинг-маманы Мерей Мустафина, "Asar-ume" қайырымдылық жобасының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, JKS Entertainment жетекшісі Бексултан Қазыбек пен The YOLO House продюсері Азат Халимов сияқты спикерлер қатысты. Сондай-ақ, іс-шара аясында түрлі сыйлықтар ойнатылды. Фестивальдің бірінші және екінші күнінің жазбасын онлайн AYDI  бағдарламасының YouTube-каналынан көруге болады.  

Фестивальдің ұйымдастырушылары - British Council мен "Шеврон" компаниясы.

Талқылау