Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда медбикелер вакцина паспортын 100 мың теңгеге сатқан

Атырауда қалалық емханалардың бірінің қызметкерлері вакциналау паспортын 100 мың теңгеге сатқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Медбикелер вакцинаның әр компонентіне 50 мың теңгеден алған, деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.

"Полиция жүргізген операция кезінде медбикелердің бірі жүйеге жалған ақпарат енгізгені белгілі болды, ал екінші медбике вакцинаны төгіп тастағанын мойындады", – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 206-бабының 1-бөлігі (белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полиция тағы қанша адамның жалған вакциналау паспортын алғанын анықтайды.



Айта кетейік, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бір күн бұрын өңір тұрғындарына үндеу жасады.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше күннің ішінде Атырау облысында 24 адам осы індеттен қайтыс болған.

"Қазіргі уақытта облыстың жұқпалы аурулар ауруханаларында COVID-19 диагнозы қойылған бір жарым мыңға жуық науқас емделуде. 78 адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, олардың 10-ы жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды", – деді ол.

"Егер жағдай нашарласа, біз карантиндік шараларды күшейтуге, қатаң шектеулер енгізуге мәжбүр боламыз. Біз бұған жол бермеуіміз керек", – деп түйіндеді ол.

Талқылау