Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда емхананың бас есепшісі бюджеттен жарты миллиард теңге жымқырған

Атырау қалалық емхананың бас бухгалтері қызмет бабын асыра пайдаланып, пайдакүнемдік ниетте 573 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: truenorthitg.com

Бас есепші 573 миллион теңгені 2012-2023 жылдар аралығында иемденіп, банктердегі өз есеп-шоттарына аударып келген. 

“Қылмыстық жолмен алынған қаражатты аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы заңдастырған. Емханаға аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Істі қарау барысында сотталушы 3 миллион теңгені өтеген”, – делінген хабарламада.

Прокурор сотталушыны 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, өз ісіне өкініп, жеңіл жаза түрін тағайындауды сұрады.

Сотталушының кінәсін ішінара мойындап, өз ісіне өкінгенін, кішкентай балаларының бары және келтірілген зиянды ішінара өтегені ескерілді. Істі қарау барысында ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

“Сотталушы тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді. Сондай-ақ сот айыпталушыны 10 жылға қаражат және материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляция бірінші сатыдағы соттың үкімімен келісті”, – деп мәлімдеді сот. 

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Талқылау