Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директоры 4,5 жылға сотталды

Атырау облыстық сотының сот алқасы Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға және зауыттың сатып алу департаментінің директорына қатысты қылмыстық іс бойынша шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Атырау МӨЗ

Соттың мәліметінше, екі сотталушыға да ауыр зардаптарға әкеп соққан, алдын ала сөз байласу арқылы өзіне пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

"Прокурор Данбайды өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын, ал екінші айыпталушыны 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын сұрады", – делінген сот хабарламасында.

Адвокаттар екі айыпталушының ісінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығын айтып, ақтауды сұрады. Сотталушылардың өздері де осындай өтініш білдірген.

Алайда, сот алқасы сотталушылардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденгенін айтып, кінәлі деп таныды.

"Жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, Данбайға 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу, ал екінші айыпталушыға 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", – делінген хабарламада.

Екі сотталушыға да өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды.

Талқылау