"Атырау" футбол клубының футболшылары мен қызметкерлері 3 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр
“Атырау” футбол клубының қызметкерлері 3 айдан бері жалақы алмағандарын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: “Атырау” футбол клубының баспасөз қызметі
Команданың футболшылары мен жұмысшылары бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновке видеоүндеу жариялады. Олардың айтуынша, өңірге жаңадан келген спорт басшысы Нұрбол Сыдықов белгісіз себептерге байланысты клубқа қаражат аудармай отыр.
“Біз Атырау облысы футбол клубының ұжымы 2025 жылдың басынан бері өзімізге тиесілі жалақымызды ала алмай келеміз. Қаламыздағы барлық спорт ұйымдары облыстық бюджеттен қаржы алады. Осы күнге дейін “Атырау” футбол клубынан басқа барлық ұйымдар ақша алды. Облыстық спорт басшысы Нүрбол Сыдықов белгісіз себептерге байланысты клубқа қаражат аудармай отыр. Жылдың басынан бері клубтың еден жуушысынан бастап футболшыларына дейін айлық ала алмай келеді. Адамдар несие төлеп, бала-шаға асырап жүр. Балаларды жаттықтыру үшін алыстан қатынайтын бапкерлер бар. Осы үндеу арқылы облыс басшысына мәселемізді шешіп беруін сұраймыз”, – деді ұжым қызметкерлері видеоүндеуде.
Егер команда айдың аяғына дейін жалақы алмаса, Константин Горовенко шәкірттері 30 наурызда болатын Қазақстан премьер лигасындағы “Ақтөбе” футбол командасына қарсы өтетін ойынға байкот жариялауы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін “Қызыл-жар” футбол клубының қызметкерлері де жалақыларын ала алмай жүргенін хабарлаған едік.