"Анасы әріп танымайды, әкесі 6 сынып қана оқыған": Павлодар облысында 12 жасында босанған жеткіншектің отбасы туралы не белгілі
Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенова 12 жасында ана атанған қыздың отбасы тұрып жатқан үйге барып, жаңа деректермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Сәуле Шәкенованың Іnstagram желісінен
Сәуле Шәкенованың айтуынша, жасөспірімнің ата-анасы 2019 жылы Қазақстанға Моңғолиядан екі баласымен көшіп келген.
“Динара Закиеваның тапсырмасы бойынша 12 жасында ана атанған қыздың отбасы тұратын Галкино ауылына бардым. Анасы туыстарының шақыруымен Павлодар облысындағы осы ауылға Моңғолиядан келіп қоныстанған. Қазақстанға келгесін бұл отбасыда тағы 3 бала дүниеге келген. Қазіргі уақытта жасөспірімнің анасы 2022 жылы дүниеге әкелген сәбиінің күтімімен демалыста отыр”, – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Фото Сәуле Шәкенованың Іnstagram желісінен
Сәуле Шәкенованың айтуынша бұл отбасында балалардың анасы оқи да, жаза да алмайды. Тек құжаттарға қол қою үшін атын ғана жаза алады екен.
“Отағасы 6 сыныпты бітірген, ешқандай мамандығы жоқ. Мектепте қарауылшы болып, маусымдық жұмысқа орналасқан. Дәл қазір жұмыссыз. Олар үлкен қызының жүктілігі туралы 2024 жылдың 3 сәуірінде мектеп мұғалімдерінен білген. Сол күні заңды өкілдердің рұқсатымен жүктіліктің фактісін растайтын ультрадыбыстық зерттеу жүргізілген”, – деп қосты ол.
Деректерге сүйенсек, тексерістен соң қыз дереу дәрігерлердің бақылауымен аудандық ауруханаға орналастырылған. Мұнда мектеп басшылығы оқу жылының соңына дейін онлайн оқыту ұйымдастырған.
Фото Сәуле Шәкенованың Іnstagram желісінен
“Ауруханада болған 3 жарым ай ішінде болашақ анаға жергілікті атқарушы орган мен мектептің педагогикалық құрамының жеке қаражаты есебінен киім, аяқ киім, сабын, жуыну құралдары және азық-түлік қамтамасыз етілген. Мамандардың алдындағы негізгі міндет ерте жүктілікті сәтті өткізу болды. Нәтижесінде салмағы 3 360 келі дені сау қыз дүниеге келді”, – деді маман.
Сәуле Шәкенова жасөспірімнің облыстық перинаталдық орталықтан шығарылғаннан кейін одан әрі қайда орналасатыны туралы мәселе жақын арада шешілетінін жеткізді.
Фото Сәуле Шәкенованың Іnstagram желісінен
“Қыздың әкесі де, анасы да жыныстық зорлық-зомбылық фактісі туралы білмеген. Қазіргі уақытта олар күдіктінің отбасымен туыстық қатынастарын тоқтатқан. Мектеп әкімшілігі кәмелетке толмаған баланың жүктілігі, сондай-ақ оған қатысты жыныстық зорлық-зомбылық туралы ақпаратты уәкілетті және құқық қорғау органдарына дереу хабарлады”, – деді маман.
Еске салсақ, Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы Шарбақты ауданында 19 шілдеде ауыл мектебінде оқитын 12 жастағы қыз босанғанын хабарлаған едік.