"Ата-анасы мас күйде ұйықтап қалған": Екібастұзда пеште ұмытылған кешкі астан балалар өліп қала жаздады
Екібастұзда үшеуі кішкентай балалар болған бес адамнан тұратын отбасы пеште қалған кешкі астың кесірінен өліп қала жаздады. Белгілі болғандай, пәтер іші түтінге толған кезде ересектер мас күйінде ұйықтап жатқан, ал кішкентай балалар өтіп бара жатқан адамдарды көмекке шақырған. Оқиғадан кейін ата-ананың құқығы шектелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қатты түтін сағат 01.00 шамасында басталды. Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері Абай көшесіндегі үйдің түтін шығып жатқан пәтеріне жылдам келді.
Оқиға орнына келген сақшылар көмек сұрап айқайлаған дауысты естіді. Олар дереу екінші қабатқа көтерілді. Бірақ есіктер ішінен құлыпталып тұрды.
"Біз балалармен жабық есік арқылы сөйлесіп, оны ашу керек екенін айта бастадық. Уақыт өте келе есік ашылды. Ішінде біз жас балаларды көрдік. Оларды көтеріп, пәтерден шығара бастадық. Бөлмеде мас күйінде ұйықтап жатқан ата-аналарды көрдік. Оянғаннан кейін оларды сыртқа шығардық. Жедел жәрдем келген соң балалар да, ересектер де тексерілді. Балалар ауруханаға жатқызылды. Біз тек өз міндетімізді орындадық. Мұндай жағдайда әр минут өлімге әкелуі мүмкін", – деді Екібастұз полиция бөлімшесі патрульдік полиция инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов.
Деректерге сенсек, кейін тәртіп сақшылары отбасының жалдамалы пәтерде шамамен бір ай тұратынын анықтады. Балалар бес және үш жаста, ең кішісі – бір жас тоғыз айлық. Ата-анасы үйде мас болған.
"Кәмелетке толмаған балалардың анасы кешкі асты жылытпақ болып кастрюльді электр пешіне қойғаны белгілі болды. Осыдан кейін ол ұйықтап қалған. Ата-аналар пәтерде не болғанын полицейлерден білді. Сақшылар медициналық куәландырудан кейін заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың күтімі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, материалдарды сотқа жолдады", – делінген ақпаратта.
- Блогерлер балалардың құқығын қорғау туралы заңның қай бөлігінен қорқады – Динара Закиева жауап берді
Айта кетейік, заңды өкілдердің тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралды. Онда оларды ата-ана құқығынан 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі материалдар дайындап жатыр. Емдеу курсынан өткеннен кейін балалар мемлекеттік мекемелерге жіберіледі.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент қаласында 9-сыныпта оқитын жасөспірім қыздар көпқабатты пәтердің бірінде еркектерді қабылдап, боди массаж жасағанын жаздық. Үш қызға қатысты ұятты әңгіме соңғы қоңырау соғылмай тұрып, әшкере болған. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы істі аяғына дейін жеткізіп, ұйымдастырушыларды анықтауға уәде берді. Құзырлы органдар баланы анасынан оқшаулап, арнайы мекемеге өткізген.