Астанада екі жасөспірімді ұстап, бөлімшеге апармақ болған полиция желідегілердің ашуын туғызды
Әлеуметтік желіде түнде полиция қызметкерлерінің жылап жатқан тұрған екі баланы ұстап тұрған видеосы тарады. Астана полициясы 10 және 12 жастағы кәмелетке толмаған балалардың түн ортасында ересектердің қарауынсыз жүрген жерінен ұстаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 17 тамызда елордадағы Сарыарқа ауданында болған. Видеодан екі полиция қызметкері екі баланы ұстап тұрғанын көруге болады. Балалар жылап, полицейлердің әрекетіне қарсылық көрсетіп жаты. Видео әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі полиция қызметкерлерінің әрекетін тым қатал деп бағалады. Олар балаларға жағдайды сабырмен түсіндіріп, ата-аналарымен байланысып, кәмелетке толмағандарды ересектерге тапсыруға болатынын жазды. Ал енді бір бөлігі полицейлерді қолдап, балалардың түнде көшеде жүруіне жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін атап өтті.
"Бұл қызметкерлердің әрекеті дұрыс па? Балаға адамша түсіндіріп, ата-анасына қоңырау шалуға мүмкіндік беруге болмай ма еді", “Дұрыс істеп жатыр. Ата-аналарға бір рет айыппұл салса, балаларын қадағалайтын болады. Оның үстіне балалардың түнде ата-анасыз сенделіп жүруі қауіпті”, – деп жазды желідегілер.
Астана полициясының мәліметінше, түн ортасына жуық уақытта полиция қызметкерлері 10 және 12 жастағы екі кәмелетке толмаған баланы ересектердің қарауынсыз жүрген жерінен ұстаған. Олар балалардың жеке басын анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізіп, заңды өкілдеріне тапсыруы қажет болған.
Ведомство видеода түсірілген 12 жастағы қызға қатысты кадрды да түсіндірді. Полицияның нұсқасы бойынша, қызды полицияға жеткізу кезінде ол қызметкерлердің талаптарына қарсылық көрсетіп, жерге жатып алып, жылай бастаған.
"Дәл осы сәтті жанынан өтіп бара жатқан әйел видеоға түсірген. Алайда жарияланған үзіндіге дейінгі жағдайлар мен полиция қызметкерлерінің әрекет ету себептері бұл видеода көрсетілмеген. Оқиға орнына қыздың анасы шақырылды", – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Екі баланың да ата-анасы кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарынан қызметкерлердің әрекетіне қатысты ешқандай арыз немесе шағым түспегенін мәлімдеді.
Астана полициясы болған оқиғаның барлық мән-жайын ескермей, бейнежазбаның бір ғана үзіндісіне қарап қорытынды жасамауға шақырды. Сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды қызметіне араласуға жол берілмейтінін еске салды.
Полиция мұндай шаралардың қажеттігін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері 200-ден астам кәмелетке толмаған бала қылмыстың құрбаны болған, ал 400-ден астамы жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен. Осы кезеңде заңды өкілдерінің қарауынсыз балалардың түнгі уақытта жүргеніне қатысты 7 мыңнан астам факт анықталған.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)
