Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада "Доширак" пен Shine muscat тексеруден өтпей қалды

Астанада санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті "Доширак" пен Shine muscat-ты тексеруден өткізді. Алайда тауарлардан маркалауға қатысты бұзушылықтар анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Іstockphoto.com

Мәліметтерге сенсек, 2024 жылы Астанада санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 454 өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) стандарттарына және техникалық регламенттерге сәйкестігін тексерді. Тексерулер барысында 26% өнім үлгісі талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.

249 азық-түлік өнімі үлгісінің 31 (12%) үлгісі сәйкес келмеді. Анықталған бұзушылықтар:

  • Майлы-қышқылды құрамы бойынша: Беларусь Республикасы "Савушкин" сүт өнімдері стандарттарға сәйкес келмеді.
  • Маркалауға қатысты бұзушылықтар: түрлі дәмдегі "Доширак" тез дайындалатын лапша, Наѕѕар және Orda Gold шайлары, Қытайда өндірілген Shine muscat жүзімі және "Дубай шоколады".
  • Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша: Ресейден әкелінген ұн ("Союзпищепром" қауымдастығы" және "Макфа" өндірушілері) құрамындағы мырыш және темір мөлшері нормадан асып кеткен.
  • Қазақстанда өндірілген кейбір шай үлгілерінде "Е 102 - тартразин" және "Е 110 – күнбағыс сары" бояғыштары табылды.
"Тоқсандық өнімдер арасында 43%-ында сәйкессіздіктер анықталды (88 үлгі). Бұл мәселелер мектеп рюкзактарының, мектеп формаларының, жасөспірімдер аяқ киімінің маркалауына, сондай-ақ Қытайда өндірілген ойыншықтардың иісіне және физико-химиялық көрсеткіштеріне қатысты болды. Қырғызстаннан әкелінген мектеп шалбарларының бір үлгісінде ауа өткізгіштігі бойынша сәйкессіздік анықталды", – делінген хабарламада.

Тексеруге сәйкес өнімді қайтару және алу туралы 26 шешім шығарылды. Бәрі 171,76 келі сәйкес келмейтін өнім алынған. Соның ішінде 73,87 келі азық-түлік өнімі болды. Сонымен қатар былтыр өнім сапасы бойынша 142 шағым қаралды. 25 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2 835 020 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Мекеме тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өнім сапасын бақылауды жалғастырып жатыр.



Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мемлекеттік инспекция комитеті карантиндік фитосанитариялық бақылау кезінде жүзім үлгілеріне зертханалық сараптама жүргізді. Олар жемістен адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянкестер табылмағанын айтты. Оның қорытындысы бойынша, өнімдегі нитрат мөлшері – 13,7 миллиграмм/келі. Бұл – осы өнім үшін рұқсат етілген көрсеткіш.

Талқылау