Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада биіктен құлаған өнеркәсіптік альпинисттердің тағы біреуі көз жұмды

Астанада тоғызыншы қабаттан құлаған тағы бір өндірістік альпинистер көз жүмды. Қалған екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay

Жағдайлары тым ауыр. Қабырға, жамбас сүйектері сынып, ішкі құрылысына зақым келген.

Жазым болған жас жігіттердің төртеуі де напақа табуға өңірлерден келіпті. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Ал, осы салада ондаған жыл тәжірибесі бар мамандар қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін болжамдарымен бөлісті.

Оқыс жағдай кеше түс ауа құрылыс алаңында болған. Өрімдей жас альпенистер жаңа салынған тұрғын үйдің 9‑шы қабатынан құлаған. Біреу емес, екеу емес, төртеуінің бірдей құлдилауына не себеп болғаны кейін анықталмаса, әзірге белгісіз.

Оқиғаны өз көзімен көрмесе де, ұзын құлақтан естігендердің сөзінше, жоғары қабатта терезе жуып жүрген альпинистердің жібі үзіліп кеткен сияқты.

Бүгін ғана кезекшілігі ауысқан күзетші оқиға туралы айтты. Өз көзімен көрмеген. Терезенің жан-жағын бітеп жатқанда, жіптері үзіліп кетті дегенді естідім дейді.

"Терезелерді бітейді, жуады, сонда құлаған.  Айтып жатқан жоқ па, не себеп болған? Не үзіліп кеткенін, ол жағын естімедім”, – дейді күзетші.

Биіктен құлаған бетте алған ауыр жарақатынан төртеудің бірі сол оқиға орынында жантәсілім етіпті. Ауруханаға жекізілгенде қалған үшеуінің де жағдайы тым ауыр болған. Қабырға, жамбас сүйектері сынып, ішкі ағзалары зақымданған. Дереу ота жасалғанымен, араға тәулік салып, тағы бір альпинистің ақтық демі үзілді.

"Екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы сол күйі ауыр. Олардың өмірі үшін күресудеміз. Көп қан жоғалтқан. Ішкі ағзалары да қатты зақымданған”, – дейді дәрігер Ермек Әубәкіров.

Жігіттердің төртеуі де Астана тұрғыны емес. Әр өңірден напақа табуға келгендер. Біреуі 21-де, қалғаны 24 жаста. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада төрт өнеркәсіптік альпинист тоғызыншы қабаттан құлап, біреуі көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау