Астанада Америка азаматтығы мен виза сатқан алаяққа үкім шықты

21 мамыр күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ЖШС директорына қатысты үкім шығарды. Ол 124 іс бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Бірнеше рет, ірі және аса ірі көлемде алаяқтық жасау) бойынша айыпталды.
“Сотталушы “А.” және оның анасының атына тіркелген “П.” ЖШС-нің директоры бола тұра, адамдардың ақшасын иемдену үшін жалған схема жасаған. Ол өзін заңгерлік қызмет көрсетуші ретінде таныстырып, АҚШ, Ұлыбритания және Шенген елдеріне ұзақ мерзімді виза, сондай-ақ ықтиярхат пен азаматтық алып берре алатынын айтып, жалған ақпарат таратқан. Зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын – 896 008 755 теңге", – деп хабарлады сот.
Сот процесі кезінде прокурор әйелді бас бостандығынан айырып, оған 5 жыл бойы туризм және көші-қон саласында кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салуды сұрады. Айыпталушы кінәсін жартылай мойындаса, қорғау тарапы оған ең төменгі жаза тағайындауды өтінген.
Айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің жауаптары, ақша аударылғаны туралы түбіртектер, заңгерлік қызмет көрсету келісімшарттары, қарыз шарттары, кассалық кіріс ордерлерінің түбіртектері, қолхаттар және мессенджерлердегі хат алмасулар арқылы толық дәлелденді.
Аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Алайда қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігіне сәйкес, егер жеңілдететін мән-жайлар болып, ауырлататын жағдайлар болмаса, ауыр қылмыс үшін жаза ең жоғары мерзімнің үштен екісінен аспауы тиіс.
Бұл іс бойынша айыптау актісінде айыпталушының шын жүректен өз ісіне өкінуі жеңілдететін мән-жай ретінде танылған, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Барлық мән-жайды ескере отырып, сот әйелді орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы туризм және көші-қон саласында кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.
"1 миллион теңге талап еткен": Топ болып қыз зорлағаны үшін 15 жылға сотталған жігіттердің жақындары сот шешіміне қарсы шықты