Журналист Ботагөз Омарова бұған дейін өзі таратқан ақпаратты жоққа шығарды

Журналист Ботагөз Омарова бұған дейін “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС мен оның құрылтайшысы әрі директоры Усимбековаға қатысты өзі таратқан ақпаратты жоққа шығарды. "Терістеу – ақпараттық хат" деп аталған жазбасын ол 22 мамырға қараған түні жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мен, Омарова Ботагөз Қошқынбайқызы, ресми журналист әрі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде, “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС мен оның директоры Усимбекованың қызметіне қатысты бұған дейін таратқан мәліметтерімді ресми түрде жоққа шығарамын. Атап айтқанда, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram желісіндегі жеке парақшамда (101tv.kz) және “Айтпа, Ботагөз” Telegram-арнасында жарияланған жазбаларда “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС мен оның құрылтайшысы әрі директоры Усімбеков А.Е. Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына қатысқан “Ремстрой-1” ЖШС қызметкерлеріне қарыз болып, еңбекақыларын төлемей отыр деген жалған ақпарат таратылғанеді", – деп жазды Омарова.
Ол аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Мен ақпараттың шынайылығы, объективтілігі мен бейтараптығы қағидаларын, сондай-ақ “Масс-медиа туралы” заңда көрсетілген журналистиканың негізгі принциптерін елемегенімді мойындаймын. Компания басшылығының қатысуымен маған “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС-нің “Ремстрой-1” ЖШС алдында қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілді. Соған қарамастан, мен жалған ақпарат жариялауды тоқтатпадым. Осылайша, жаңа оқырман жинап, аудиторияның қызығушылығын арттырмақ болдым. Салдарынан бұл жарияланымдар “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС-нің және оның құрылтайшыларының құқықтарына, заңды мүдделеріне әрі іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Мен бұл ісіме шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын", – деп жазды журналист.
Сондай-ақ автор бұл жарияланымдардан зардап шеккен немесе жаңсақ пікір қалыптастырған аудиториясынан да кешірім сұрады.
Журналист осылайша, қылмыстық кодекстің 274-бабында көзделген, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылатын норманы бұзғанын түсініп, мойындады. Сондай-ақ бұл ісі үшін өкінетінін жеткізді. Ол өз әріптестерін кәсіби стандарттарды қатаң сақтауға және ақпаратты тексеруге немқұрайлы қарамауға шақырды.
Еске салайық, 21 наурызда Омарованы көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында үйқамаққа алынғаны белгілі болды. 13 мамырда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов журналистің ісі жақын арада сотқа жолданатынын хабарлаған еді. 20 мамырда Омарованың үйқамақ мерзімі ұзартылғаны туралы ақпарат жарияланды.
70 жасында қыздай болып көрінетін қазақстандық әйел жас көрінудің құпиясын айтты