Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана сотында прокурор Гүлмира Сатыбалдыға қандай айып тағылып отырғанын айтты

Астана сотында прокурор Азамат Сәрсембаев олигарх Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты айыптау актісін оқыды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айыптау қарарына сүйенсек, Сатыбалды Гүлмираға қатысты мынадай қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айып тағылған:

ҚК 28-бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру);

ҚК 389-бабының 3-бөлігі (Өзiнше билiк ету, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып жатқан, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру);

ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігі, 1, 8-тармақтары (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша пайдакүнемдік ниетпен адам ұрлау).

Ал Мәди Батыршаевқа қатысты мынадай қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айып тағылған:

ҚК 389-бабының 3-бөлігі (Өзiнше билiк ету, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адаммен немесе ұйыммен дауласып жатқан, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру);

28-баптың 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру);

ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігі, 1, 8-тармақтары (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша пайдакүнемдік ниетпен адам ұрлау).



Рашид Өтебеков ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген (Алдын ала келісіммен топ болып адам ұрлау) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған. 

Сотта Гүлмира Сатыбалды өз кінәсін толық мойындамайтынын айтқан. Ал іс бойынша басқа айыпталушылар өз кінәларын жартылай мойындаған.

Еске салайық, өткен сот отырысында сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сотталушы Гүлмира Сатыбалдының Қазақстаннан кетуге әрекеттенгені айтылған.

Естеріңізге сала кетейік, 18 наурызда Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалды және басқа тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кейін сот Гүлмира Сатыбалдыны екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бастапқыда ол 747 миллион теңге ұрлады деген күдікке ілінген.

Кейінірек бірқатар кәсіпорындардың қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иемдену, адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Талқылау