"Әскери операция талқыланды": Трамп әкімшілігі журналистті кездейсоқ құпия чатқа қосып жіберген
Американдық Тhe Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг Дональд Трамп әкімшілігі оны кездейсоқ Йемендегі хуситтерге қарсы әскери операцияны талқылайтын құпия чатқа қосқанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Голдберг өз мақаласында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолцтан Signal мессенджерінде кіруге шақыру алғанын жазады. Журналист Уолцтың "Украина, Иран немесе басқа да маңызды мәселелер туралы" талқылағысы келеді деп сенген. Алайда оның орнына жабық топқа қосылғанын білген. Әрі мұнда ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері алдағы әскери операцияның егжей-тегжейін талқылаған.
Чатта 18 адам болған. Оның ішінде мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Қорғаныс министрі Пит Хегсет және вице-президент Джей Ди Вэнс. Голдберг бастапқыда бұл шынымен қауіпсіздік кеңесінің мүшелері екеніне сенбеген. Ол журналисттерге жалған ақпарат таратқысы келетіндердің әдейі ашқан тобы болар деп ойлаған.
Бірақ кейін Голдберг чатта алдағы әскери операцияның егжей-тегжейі: әуе шабуылдарының уақыты, бомбалау мақсаттары және қару-жарақ жинақтары талқыланғанына көз жеткізді. Журналист ешқашан мұндай құпиямен бетпе-бет келмегенін мойындады. Алған барлық ақпараттың шынайы екенін түсінген соң журналист чаттан шығып кеткен. Ал топтың басқа мүшелері бірнеше күн ішінде олардың хат-хабарларын бөгде адамның оқығанын байқамаған.
"Бұл ақпарат, егер Америка Құрама Штаттарының қарсыласы оқыса, АҚШ әскери күштері мен барлаушыларына, әсіресе Таяу Шығыста зиян келтіру үшін сәтті пайдаланылуы мүмкін еді", – деді Джеффри Голдберг.
Журналист чатқа қатысушылар АҚШ-тың мемлекеттік құпия туралы заңнамасын бұзатынын атап өтті.
The Atlantic журналында мақала шыққаннан кейін АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің өкілі Брайан Хьюз Голдбергтің шынымен де кездейсоқ жабық чатқа қосылғанын мойындады. Қазір үкімет мұның қалай болғанын анықтап жатыр. Дональд Трамп бұл оқиға туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді.
Демократиялық партия өкілдері Трамп әкімшілігін қатты сынға алып, бұл істі тергеуді талап етті.