Әсел: Қыздар арасында достық болмайтынына көзім жетті
Әнші, продюсер, актриса Әсел Сәдуақасова осы күні кез келген шығармашылыққа бет бұрған қызға үлгі бола алады. Нәзік ару сүйіктісіне қатысты оқиғадан кейін өзін жоғалтып, достық, махаббат сынды сезімдерді жоққа шығарған-ды. Жаңа жобалар, жаңа рөлдер, жаңа әндер жазылса да, жараның ізі көкейін әлі де қарып жатқан сыңайлы.
Суреттер: brod.kz
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жасы отызға таяп қалса да, тұрмысқа шығуға асықпайтын бойжеткен небәрі 17 жасында көгілдір экранға шыққан. Ең алғаш кастингтен өтіп, “Дауыс International” тобында өнер көрсеткен.
Қостанай облысының Жетіқара ауылында туып өскен. Бес жасында ата-анасы ажырасып, екеусінің біреуін таңдауына тура келеді. Дәл қазір анасымен бірге тұрады. Ал әкесімен сол уақыттан бері араласпаған екен.
Әнші “Моя история” бағдарламасына берген сұхбатында “Шыны керек мен өте қиын кезеңді бастан кешірдім. Шамамен 3-4 жыл қиналған шығармын. Сырттай білдірмесем де, іштей құлазып жүрдім. Өзімді сондай талантсыз сезіндім. Диванда жатып, теледидар ғана қарайтын кездерім болды. Артынша екі жыл психология мамандығын игердім” деп бір кездері шоу-бизнестен түбегейлі бас тартқаны туралы айтты.
Жастайынан түрлі үйірмеге қатысатын Сәдуақасова барлығына үлгеріп, өзін үнемі жаңа қырынан танытуды жөн көреді екен. Журналист, режиссер, психолог мамандықтары бойынша кәсіби деңгейде білім алып үлгерген.
Естеріңізде болса, актриса бірнеше жыл бұрын сүйіктісіне алданған болатын. Аузы күйген үрлеп ішеді демекші, сол оқиғадан кейін барлық адамға күдікпен қарай бастағанын Әселдің өзі де жасырмайды.
“Сол оқиғадан кейін ешкімге ашыла алмайтын болдым. Соңғы рет жігітпен кездесуге қашан барғаным есімде жоқ… Бұрын бірден ашыла кетуші едім, қазір адамдарға сезіктене қараймын. Өзім құрған тар шеңберге санаулы адам ғана кіре алады. Есесіне бұл жандар менің тексеруімнен өткен” деп сол оқиғаның ізі әлі жадында екенін айтып өтті.
Бұдан өзге әнші “Шынымды айтсам, достық деген ұғымға сенбеймін. Мен жақсы көретін адамдар бар, олардан махаббатым үшін қайтарымына ешнәрсе талап етпеймін… Қыздар арасында достық болатынына сенбеймін. Психологияда оқып жүргенімде қыздар арасында көреалмаушылықтың түрлі деңгейі болатынын білдім. Олар моншақтан бастап үлкен нәрсеге дейін қызғана қарауы мүмкін” деп көп адамнан көңілі қалғанын байқатты.
Әнші өмірден үлкен сабақ алған сыңайлы. Соңғы кезде ән жаздырып, бейнебаян түсірмесе де, өзін продюсерлік, актрисалық қырынан танытып, “Жаңа күн” сынды бағдарламаны жүргізеді. Бұдан өзге “Адель”, “Сүр бойдақ”, “Серпіліс”, “Сталинге сыйлық” сияқты фильмдерге түсіп үлгерген.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін желі қолданушыларының Әсел Сәдуақасованы Баян Есентаевамен салыстырғаны туралы жазған болатынбыз.