"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты "Қазақстан" шахтасынан үшінші кеншінің мәйіті табылды
Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында үшінші кеншінің мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“АрселорМиттал Теміртау” компаниясының мәліметінше қазіргі уақытта марқұмның жеке басын анықтау жұмысы жүріп жатыр.
“Марқұмның әріптестері, компанияның бүкіл ұжымы мезгілсіз қайтыс болған жолдастың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады”, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ компания қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетеді.
“Көмекке мыналар кіреді: жерлеуге байланысты шығындарды жабу; қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем; 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру төлемі (бала студент болса, 23 жасқа дейін); 23 жасқа толмаған балалардың алғашқы күндізгі оқу нысанындағы оқуына және оған байланысты барлық шығыстарға ақы төлеу; жоқ адамдарға тұрғын үй сатып алу немесе ол үшін біржолғы өтемақы; қолданыстағы тұрғын үйді жөндеуге ақы төлеу; ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін жабу; серіктестік кәсіпорындарында әйелдер мен балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу; әйелдер мен балаларға арналған санаторийлер мен балалар лагерлеріне жыл сайынғы жолдамалар”, – деп қосты баспасөз қызметінің өкілдері
Еске салайық, 17 тамызда “Қазақстан” шахтасында конвейер таспасы өртенген еді. Бұл кезде жер астында 227 адам болған. Құтқару жұмыстары кезінде 222 адам шығарылды. Көп ұзамай екі кеншінің мәйіті табылғаны белгілі болды. Ал өрт әлі оқшауланбаған.