Арыстағы әскери бөлімде үш адам қаза тапты
Қорғаныс министрлігі 5 шілдеде Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында кәріз жүйесіне қызмет көрсету мен тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде кәріз газымен улану салдарынан үш адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Министрліктің мәліметінше, қаза тапқандардың ішінде екі азаматтық тұлға және бір келісімшарт бойынша әскери қызметкер бар.
"Оқиға жұмыс барысында абайсызда құдыққа құлап кеткен Шымкент аудандық пайдалану бөлімінің жұмысшысын құтқару кезінде болды. Оған көмекке келген тағы екі жұмысшы мен келісімшарт бойынша екі әскери қызметші де жағдайдың нашарлауына байланысты жоғары жаққа көтеріліп шыға алмады. Нәтижесінде үш адам сол жерде қаза тапты. Тағы бір жұмысшы мен әскери қызетші Арыс қаласының ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты-ауыр деп бағаланып отыр", – делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
"Олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады. Аталған факті бойынша ҚР ІІМ ӘТБ Шымкент бөлімімен ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (еңбекті қорғау ережелерін бұзу)" – деді қорғаныс министрлігі.
- Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөліміне түсті: Тоқаев кінәлілерді жазалауды бұйырды
Еске салайық, бұған дейін Түркістан вокзалында әскери адамдар бір топ жігітті қоршап алып әкетіп бара жатқанын TikTok қолданушысы видеоға түсіріп алған. Тіпті Ұлттық ұлан әскерилері оларға туыстарымен қоштасуға мүмкіндік бермеген. Ал жігіттердің ата-анасы күзетке бас салып, балаларына бірдеңе деуге тырысып жатыр. TikTok видеохостингінде тараған видеодан оқиға кешкі уақытта, вокзал маңында болғанын байқауға болады. Бір топ әскери адам қолына қорап ұстаған жігіттерді қоршап әкетіп барады. Желі қолданушылары видеода не болып жатқанын түсінбей жатыр. Ал түсініп, білгендер “жігіттерді әскерге неге сонша қоршап алып, қысып әкетіп барады?” деп шағымданды.