Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кішігірім Үндістан": Алматы аялдамасында автобус күткен қалың қауым жұрттың жағасын ұстатты

Әлеуметтік желіде Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысындағы аялдамада адамдардың көп жиналып, автобус күтіп тұрған видеосы тарады. Stan.kz тілшісі қала әкімдігінен қалың қауымның автобусты ұзақ күтуінің себебін сұрап көрді. 

Фото: Видеодан скрин

TikTok әлеуметтік желісінде Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында ондаған адамның аялдамада тұрған видеосы тарады. Видео авторының айтуынша, қаумалаған адам автобус күтіп тұр. 

Желі қолданушылары бейнежазба астында Алматыда адам саны тым көп екенін айтып, түрлі пікір қалдырды.

“Басқа қалада университет жоқтай”, “Алматы кішігірім Үндістан”, “Автобуспен жүру мүмкін емес. Адам көп”, “Қазақстанда Алматыдан басқа қала жоқ па?”, “Сабақтан, жұмыстан қайтып бара жатқан жастарға обал”, – деп жазды желідегілер.

Аялдамадағы қала тұрғындарының көптігіне қарағанда “Қоғамдық көліктер сирек жүре ме?” деген сауал туды. Осыған байланысты “Алматыэлектротранс” ЖШС компаниясынан пікір білдіруін сұрадық.

“Абай мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысымен жүріп өтетін №55 маршрутқа күн сайын жұмыс күндері 18 автобус және демалыс күндері 16 автобус шығады”, – деп жауап берді компания.

Ал Алматы қаласы әкімдігі қала тұрғындарының аялдамада автобусты не себепті көп күтіп қалатынын және оны алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. 

"Метрополитен" КМК ақпаратына сәйкес, кешкі қарбалас уақытта "Бауыржан Момышұлы" станциясынан әр 6 минут сайын 400-ге жуық адам шығады, осыған байланысты аялдама пунктінде адамдар көп жиналады. Алайда қысқа уақыт ішінде, яғни әр 2-3 минут сайын автобустар қатынайды. Қазір метроның "Б.Момышұлы" станциясының аялдамасынан Абай даңғылымен батыс бағытта 7 автобус жүреді: № 44, 49, 55, 78, 110, 142, 244, оған 73 бірлік автобус тартылды. Айта кету керек, аялдама пунктінде адамдардың көлік күтіп, көп жиналып қалмас үшін №55 (12-ден 18 бірлікке дейін) және №49 (8-ден 12 бірлікке дейін) бағыттар  күшейтілді”, – делінген хабарламада.

2024 жылдың соңына дейін басқарма қала маңы бойынша жаңа 20 бағытты ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ келесі жылдың соңында "Қалқаман" станциясын ашу жоспарда бар екен. Ведомствоның мәліметінше, желі батыс бағытта "Барлық" базарына дейін жалғасады.

@nurlibek_prods Ужжааасс просто #студенттер #алматы #врек ♬ оригинальный звук - Nurlibek Prods

 

Талқылау