"Ақынның соңғы өтініші": Мұхтар Шаханов Арыстан баб кесенесінің іргесіне жерленбейтін болды

Фото: Мәдениет министрлігі
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мұхтар Шаханов Арыстан баб кесенесінің іргесіне емес, Түркістан облысына жерленетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аида Балаева Арыстан баб кесенесі қазір туристік нысан болғандықтан, оның аумағынан жаңа зираттар қазу – адамгершілік тұрғысынан да, діни тұрғыдан да дұрыс болмайды деген пікірін айтты.
"Біріншіден, өз ғұмырын ұлт руханиятына арнап, өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған ақынымыздың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сұрақ жауабына көшсек, сөз жоқ, елімізде Мұхтар Шахановтай тау тұлғаға мәңгілік мекен болуға лайықты жер көп. Десе де, бүгінгі еліміздің мұраты – әділетті қоғам құру болса, берекесі – сол қоғамда заң мен тәртіпті сақтауда. Бүгінде Арыстан баб кесенесі де, оны қоршаған ескі қорым да мемлекеттің қорғауындағы нысандар. Иә, бұрын зиярат ететін жер болса, қазір бұл – тарихи мұрамыз. Арыстан баб пантеон-зираты емес, ол ең алдымен үлкен мәдени-рухани орталық, туристік бағытқа енген тарихи-мәдени нысан. Сондықтан ол жерге жаңа зираттар қазу адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да дұрыс болмайды деп санаймыз”, – деді Балаева.
Аида Балаева БАҚ өкілдеріне берген ақпаратында Мұхтар Шаханов Арыстан баб кесенесінің маңында емес, алайда Түркістан облысында жерленетінін айтқан. Министр зират орны белгілі болғанын мәлімдеді.
Айта кетейік әлеуметтік желіде марқұм Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханованың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған өтініш хаты тарады. Ол президенттен ақынның соңғы аманатын орындауды сұраған.
“Мұхтар Шаханов – ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға. Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты – өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесінің іргесіне жерлену”, –делінген хатта.
Ақынның отбасы аталғаны нысанның републикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін түсінетінін жеткізіп, жерлеу және мемориалдық белгі орнату жұмыстарының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заң талаптарына және музей-қорықтың архитектуралық талаптарына сай жүргізілетініне кепілдік берді.
Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қазақстанда декрет төлемдері неге кешігеді және мемлекетте шынымен қаржы жетпей ме?
Оқыңыз