Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде тіс дәрігерінің қабылдауынан кейін әйел балалы бола алмай қалды

тіс науқас дәрігер жүктілік
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде тіс дәрігеріне жазылған 37 жастағы әйел қазір бірнеше отаға дайындап жатыр. Дәрігердің қателігінен ол бірнеше тісінен айырылып, жүйкесі зақымданған. Науқас тіпті ана болу мүмкіндігінен де айырылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенованың айтуынша, науқасқа стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман, яғни тіс дәрігері көрсеткен. Ал стандартқа сәйкес, медициналық көмектің екінші деңгейінде мұндай қызметті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс.

Гүлжанат Құлмұрзина ЭКО арқылы ана болуға дайындалып жүрген. ЭКО алдында тістерін емдетіп алуды ұйғарып, жекеменшік тіс дәрігеріне жүгінген. Әйелдің айтуынша, тістерін емдеу және жұлдыру кезінде химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға түскен. Ақтөбелік тұрғынның сөзінше, оның салдары әлі күнге дейін жойылмаған. Бірнеше тісі жоқ, жүйкелері зақымданған, беті қисайып қалған. Енді Гүлжанатқа бірнеше ота жасату қажет.

Әйел клиника үстінен арыз жазған. Тексеру барысында емдеуді орта медициналық білімі бар дантист жүргізгені анықталды. Алайда қолданыстағы стандартқа сәйкес, мұндай деңгейдегі медициналық көмекті жоғары білімі бар маман көрсетуі керек. Бұдан бөлек, науқастың тіс жегісі асқынғаны белгілі болды.

Комиссия дантиске айыппұл салып, клиника басшылығына оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама берген. Алайда науқас үшін бұл – ұзақ оңалу жолының басы ғана.

Гүлжанат клиникаға қарсы сотқа талап арыз берген. Бірақ оның айтуынша, жауапкерлер дауды бейбіт жолмен шешуге әрекет жасап жатқан жоқ.

“Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар оған келмеді, ешқайсысы қатысқысы келмеді. Тіпті кешірім де сұрамады. Мен алдағы уақытта ЭКО арқылы балалы болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКО-ға бара алмаймын”, – деді Гүлжанат Құлмұрзина.

Науқас енді балалы бола алмайтынын айтты. 
 

Айым Болатқызы
Жұма, 09 Қазан, 2026 08:07