Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде қайтарылған активтер есебінен салынған 300 орындық арнайы балабақша ашылды

оооооо

Ақтөбеде Қазақстанда баламасы жоқ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық "Самғау" арнайы балабақшасы пайдалануға берілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған заманауи кешен өңірдегі арнайы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Жобаның құны – 7,8 млрд теңге.

Облыс орталығының Есет батыр тұрғын алабында орналасқан нысанның салтанатты ашылуы Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында өтті. Бұл – шағынауданда ерекше балаларға арнайы көмек көрсететін алғашқы мектепке дейінгі ұйым.

Ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, ата-аналар және ұжыммен кездесті. Аймақ басшысы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру, сапалы білім мен қажетті қолдауды қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауды, қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды ерекше назарда ұстап келеді. Бұл саясатты өңірде жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Жаңа балабақшада тәрбиешілер, арнайы педагогтер мен психологтер бірлесе жұмыс істеп, балаларға кешенді көмек көрсетеді. Мұнда әр бала өз мүмкіндігіне қарай дамып, қажетті қолдауға ие болады”, – деді Асхат Шахаров.

“Самғау” балабақшасының құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылдың қарашасында аяқталды. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын екі қабатты кешен 24 топқа арналған және алты функционалдық блоктан тұрады. Әр блок балалардың ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне сәйкес жабдықталған. Мұнда тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті бұзылған, сөйлеу тілінде және интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар балаларға тегін жағдай жасалған.

оооооо

Балабақшада логопед, сенсорлық-релаксациялық және Монтессори кабинеттері, бассейн, спорт және музыкалық залдар, массаж кабинеттері, медициналық бөлмелер мен қысқы бақ бар. Балалармен арнайы педагогтер, дефектологтер, логопедтер, психологтер және тәрбиешілер жұмыс істейді. Медициналық қызмет көрсету үшін невропатолог пен психиатр мамандары да қарастырылған. Мекеменің штаттық құрамы – 202 адам.

Қазіргі таңда балабақшаға 168 бала қабылданған. Жалпы сыйымдылығы – 300 орын. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде арнайы мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте 743 бала тұр. Оның 740-ы Ақтөбе қаласында тұрады.

Жаңа балабақшаның ашылуы жергілікті ата-аналар үшін де үлкен қолдау. Бұған дейін балаларын қаланың әр бөлігіндегі ақылы түзету орталықтарына апаруға мәжбүр болған Гаухар Искакова енді үш баласына қажетті көмекті үйіне жақын жерден ала алады. Оның үстіне, өзі де мамандығы бойынша балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасқан.

“Бұған дейін балаларымды ақылы орталықтарға және бассейнге апаруыма тура келетін. Бұл көп уақыт пен қаражатты талап етті. Енді барлық қажетті жағдай бір жерде жасалған. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен көмек. Сонымен қатар, өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болдым. Осындай жағдай жасап, балаларымыз бен ата-аналарға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін”, – деді Гаухар Искакова.

оооооо

 

Ал Ләззат Уразгулова да балабақшаның ашылуы ата-аналар үшін маңызды екенін тілге тиек етті. Ол жаңа мекемеге шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан.

“Бұл – балаларымыз үшін білім алу, даму және құрдастарымен араласуға берілген жаңа мүмкіндік. Ал ата-аналар үшін қажетті күтім мен қолдаудың көрсетілетініне деген сенім. Осындай әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барша азаматқа алғысым шексіз”, – деді ол.

Осылайша, "Самғау" балабақшасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар 300 балаға арналған орын ашумен қатар, олардың ата-аналарының да еңбекке араласуына мүмкіндік беріп отыр.

оооооо

Айтып өтейік, соңғы екі жылда Ақтөбе өңірінде ерекше балаларға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, түзету кабинеттері мен арнайы мектепке дейінгі ұйымдар ашылды. Бір жылдың ішінде облыста 30 инклюзияны қолдау кабинеті іске қосылды. Сондай-ақ арнайы түзету мектебіне 150 орындық қосымша ғимарат салынып, бірқатар білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізілді.

Stan.kz
Жұма, 27 Қараша, 2026 17:23