Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"AQ-DALA – 2026": Түркістан облысында мақташыларға құрмет көрсетілді

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында дүниежүзілік мақта күніне орай "AQ-DALA – 2026" салтанатты іс-шарасы өтті. Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіндегі "Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" ЖШС мақта алқабында өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, өңір тұрғындары мен еңбек адамдары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда адал еңбек пен еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызын үнемі айтып келеді. Бүгінгі шара "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына сүйене отырып, құндылықтардың сабақтастығын айқындайды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Салтанатты шарада облыс басшысы Нұралхан Көшеров көпшілікті мерекемен құттықтап, ауыл шарушылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды.

"Бүгін біз Отырардың ақ даласында жиналып, ақ алтын өсірген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл мерекенің басты кейіпкерлері – дән өсіретін диқандар, өнім жинайтын механизаторлар, су жеткізетін мамандар мен мақтаны өңдейтін еңбеккерлер. Түркістан облысы үшін мақта – негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған тұрғынның еңбегімен байланысты. Сондықтан ақ алтынның қадірі, ең алдымен, оны өсірген адамның еңбегімен өлшенеді. Биыл облыста мақта 173,6 мың гектарға егілді. Қазір алқаптарда жиын-терім жұмыстары жүргізілуде. Маусым қорытындысымен 556 мың тонна мақта жинау көзделуде (32 ц/га). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығында озық технологияларды кеңінен енгізіп, су үнемдеуге батыл көшу жөнінде нақты тапсырма берді. Су тапшылығы сезілетін біздің өңір үшін бұл – күнделікті жұмыстың басты бағыты. Бүгінде мақта алқабының 91 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Жекелеген алқаптарда гектарына 60 центнерге дейін өнім алынуы суды ұқыпты пайдалану мен жаңа тәсілдердің нәтижесін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді. Бүгін сіздер осы кластерлік жобалардың алғашқысы – "Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" ЖШС-ның жобасымен танысып отырсыздар. Біз Түркістан мақтасын шикізат күйінде ғана өткізбей, оны терең өңдеп, дайын өнімге айналдыратын заманауи өндіріс жүйесін қалыптастыруды көздейміз. Жалпы аграрлық салаға шетелдік инвесторларды тартып, олардың озық технологиялары мен өндірістік тәжірибесін өңірімізге әкеліп жатырмыз. Ендігі міндет – осы тәжірибені өзіміз толық меңгеру. Инвестицияның нәтижесін біз тұрақты жұмыс орындарынан ғана емес, өзімізде қалыптасқан білікті кадрлар мен бәсекеге қабілетті дайын өнімнен де көретеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз – бір күннің емес, жылдар бойғы адал еңбектің нәтижесі. Ақ алтынды өсіріп, туған жердің берекесін арттырып жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Егін бітік шығып, әр маусым қуаныш пен молшылық әкелсін!" – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Сондай-ақ іс-шара барысында облыс әкімі бір топ озат еңбеккерге ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің "Еңбек ардагері" медалін, "Ауыл шаруашылығы үздігі" төсбелгісін табыстап, үздіктерді "Құрмет" грамотасы және Түркістан облысы әкімінің мақта шаруашылығының үздігі дипломымен марапаттады.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы – еліміздегі мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Өңірде мақтаны өсіруден бастап оны өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасып келеді. 2030 жылға дейін облыста жалпы құны 212,6 млрд теңгені құрайтын 5 кластер іске асырылады. Нәтижесінде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгінгі күннің өзінде "Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" ЖШС озық технологияларды пайдаланып, 52 мың гектарға мақта егіп отыр. Жалпы қуаты 180 мың тонна болатын 2 мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасы мен ПВХ құбырларын өндіретін зауыттар, сондай-ақ жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде 1200 жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, тағы 2 мақта өңдеу зауытын және жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Ал "TURAN" арнайы экономикалық аймағында жылына 45 млн шаршы метр тоқыма емес материал шығаратын зауыт, 45 млн шаршы метр мата бояйтын зауыт іске қосылады. Сондай-ақ мұнда жылына 7 млн жиынтыққа дейін тоқыма бұйымдары мен киім өндіретін тігін фабрикасы және джинс маталарын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыста мол өнімді қабылдауға және өңдеуге қуатты инфрақұрылым бар. Өңірдегі 29 мақта өңдеу зауыты мен 169 қабылдау бекеті жылына 1 млн тоннадан астам шитті мақтаны қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді. Мақта шаруашылығындағы 25 мыңға жуық агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

2025 жыл – мақташылардың рекордтық жетістік жылы болды. Облыста 466 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналып, орташа түсімділік гектарына 32 центнерге жетті. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары нәтиже.

Мерекелік іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар, жергілікті өндірушілердің өнімдері мен азық-түлік тауарларының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

"AQ-DALA – 2026" шарасы – мақта шаруашылығының жетістігін ғана емес, еңбек адамының еңбегін, жаңа технологияны меңгерген мамандарды және ауылдағы жаңа мүмкіндіктерді дәріптейтін маңызды алаң.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 18:50