Алдағы уақытта карантин енгізілуі мүмкін бе? Балалар қашан мектепке барып оқиды? Осы аптада басқа қандай маңызды жаңалықтар айтылды
Елімізде оқу жылының басталғанына бір ай болмаған қашықтан білім беру жүйесінің кемшіліктері бірден байқалды. Білім министрлігінің салғырттығы ма, әлде басқа жағдайлар себеп болды ма, оқушылардың сабағына бірнеше мәрте бөтен адамдар кіріп, бөгет келтірген. Ең сорақысы, бұзақылар кіші сыныптардың сабағы болып жатқан уақытта анайы видеолар қосып, балағат сөздер айтқан. Қашықтан оқытуда басқа қандай қателіктер болды? Осы апта қандай жаңалықтарымен ел есінде қалды? Біздің материалдан оқи аласыздар.
Жаңа оқу жылында еліміздің білім беру жүйесі жаңа қиындықтарға тап болды. Бұл жолы әлдекімдер мектеп оқушыларының Zoom платформасымен өтіп жатқан сабағына кіріп, порнография қосқан. Тіпті, бұзақылар балалардың онлайн-сабағы жайлы мәліметтерді жариялайтын Telegram желісінде топ құрыпты. Өз кезегінде, білім министрлігі осындай қиындықтарды шешу үшін және толыққанды оқу үдерісімен қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай білім беру онлайн-платформасы әзірленетінін мәлімдеген.
Қалалық мектептердің оқушылары бөтен адамдардың сабақтарына кедергі келтіруінен жапа шексе, ауылды аймақтардағы балалар баяу интернеттің кесірінен дұрыс білім ала алмай отыр. Мәселен, Атырау облысында оқушылар үй тапсырмасын орындау үшін шатырға шығуға мәжбүр болса, Шығыс Қазақстан облысында балалар интернетті таудан іздеп жүр. Шымкенттік ауылының балалары онлайн оқу үшін теміржолды жағалауға мәжбүр. Өз кезегінде үкімет бұл жағдайды шешудеміз деп ақталды.
Дегенмен айтылған қиындықтарға қарамастан оқушылар дәстүрлі білім беру жүйесіне бірінші тоқсанда көшпейтін секілді. Себебі бұған денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі қарсы болып отыр. Онлайн-брифингте министр неліктен қазір балаларға мектепке бару әлі ерте екенін тізіп айтты. Бұған қоса ол үкімет карантинді қайта енгізу жайлы әлі талқыланбағанын және шектеу шараларын жариялау үшін бірнеше талаптар қойылатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасынан кейін елімізде төтенше жағдайлар министрлігінің құрылуы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні ведомствоның басшысы болып Юрий Ильин тағайындалды. Бұған дейін ол ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Қазақстанның тағы бір қаласында "Сергек" камералары орнатылды. Жаңа бақылау жүйесі енді Атырауда пайда болды. "Сергекті" қалаға орнату үшін бюджеттен 10 млрд теңге бөлініпті.
Бұл Қазақстанның транспорт жүйесінде орын алған жалғыз өзгеріс емес. Мемлекетімізде көлігінен түтін шығатын жүргізушілер енді айыппұл төлейді. Егер жүргізуші алғаш рет экологиялық стандартты бұзған болса, ол ауызша ескерту алады немесе 2 АЕК - айыппұл төлейді. Егер дәл осындай заң бұзушылық жыл ішінде қайталанса, онда айыппұл көлемі 5 АЕК болмақ.
Қытайда есірткі тасымалдамақшы болды деп айыпталып, өмір бойына бас бостандықтан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды елге алып келуге болады. Бұл туралы ҚР бас прокуратурасы мәлім етті. Бас прокурор орынбасары Марат Ахметжанов қазақстандық бойжеткенді елімізге эстрадициялау талаптарын атады.
Жағымды жаңалық. Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарын алу үшін шотыңызда қалуы тиіс қаражат қайта есептелетінін мәлім етті. Зейнетақы жинақтарының "жеткіліктілік шегін" есептеу әдістемесін үкімет анықтайды. Бұл жағдайдың жағымсыз салдарының болуы да ғажап емес. Сарапшылар егер қазақстандықтар зейнетақы жинақтамаларын жаппай алатын болса, бұл еліміздегі үйдің бағасы шарықтап кетуіне алып келетінін болжайды.
Нұр-Сұлтанда орын алған жаға ұстатарлық жағдай белгілі болды. Елордалық үйсіз жануарларға арналған оқшаулау орнында зорланған төрт ит табылды. Ал мұндай айуандыққа барғандар айыппұлмен құтылып кетуі мүмкін. Қанғыбас иттер мен мысықтар пана ететін мекеменің басшылығы аталған оқиға бойынша пікір білдіруден бас тартқан сыңайлы. Ең сорақысы, мұндай әрекетке барғандар өздерінің ісін видеоға түсіріп, зоофильдердің сайтына жариялапты.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
