Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымыздың артынан өзіміз де тауға өрмелеуге мәжбүрміз": ШҚО тұрғындары интернеттің баяу жылдамдығына шағымданды

Шығыс Қазақстан облысында студенттер мен оқушылар үшін онлайн оқу оңай болмай тұр. Шалғай ауылдардың өзі былай тұрсын, қала іргесіндегі біраз елді-мекенде интернет жоқ. Бар болса да жылдамдығы төмен. Дәріс тыңдап, сабақ оқу үшін оқушылар тау-тасты аралауға мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

500-ден астам тұрғыны бар Бестерек ауылы Өскемен қаласынан небәрі 45 шақырым жерде орналасқан. Бірақ ауыл тұрғындары әлі күнге дейін интернет игілігін көре алмай келеді. Ал студенттер үшін бұл мәселе дәл қазір өзекті болып тұр. 

"Ауылда мүлде желі ұстамайды. Хабарласқанның өзі бізге қиыншылық тудырады. Тау-тасқа, биік жаққа шығу керек. Биік жаққа шықсақ та дұрыс ұстамайды. Мұнара тек көрші ауылда бар, оның өзі бізге әрең жетеді. Осылай, кітап, бәрін алып, тау-тасты аралап жүреміз", - дейді 1-курс студенті Әсем Рахымова.

Сергелдеңге түскен студенттердің бір бөлігі қаладан пәтер жалдап тұрып жатыр. Бірақ, оны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне де алаңдайды.

"Балаларымызды жалғыз жіберуге қорқамыз. Тау-тасты аралап, сақтық шараларын көрдіңіздер. Аяғы тайғанап, тайып кетуі мүмкін. Сондықтан балаларымыздан артынан өзіміз де тауға өрмелеуге мәжбүр болып жүрміз", - деді Бестерек ауылының тұрғыны Әсем Сасанова.

Білім басқармасы бұл мәселеден хабардар, ол үшін бюджеттен ақша бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр дейді. 

"52 ауылда интернеттік желі 4G-ден жоғары болады. Оған облыстық бюджеттен 136,6 млн теңге қаражат қарастырылды", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Маусым айында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл интернет пайда болатын 928 ауылдың тізімін жариялаған. Оның ішінде 150 ауыл осы ШҚО-да орналасқан. 

Талқылау