Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші The Limba Тоқаевты үстел теннисінен сайысқа шақырды

Тоқаев пен The Limba
Фото: Ақорда \ instagram.com/thelimba

Көпшілікке The Limba лақап атымен танымал қазақстандық әнші Мұхамедәлі Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көпшілік алдында ерекше ұсыныс жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі Instagram парақшасында Президентті үстел теннисінен достық кездесу өткізуге шақырды.

The Limba бұл ұсынысын креативті түрде жеткізген. Жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнероликте Қасым-Жомарт Тоқаев компьютерлік ойынның ешкім жеңе алмайтын “соңғы қарсыласы” ретінде бейнеленіп, үстел теннисінен жоғары шеберлік көрсетеді.

Әнші Мемлекет басшысының спорттағы жетістіктерін жақсы білетінін айтып, өз ойын жеткізді.

“Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің спорттық жолыңызды жақсы білемін. Сіз үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидатсыз. Сізбен бір партия ойнауды көптен бері армандаймын. Қазір өз деңгейім сізге лайықты қарсылық көрсетуге жетеді деп сенемін”, – деді The Limba.

Жазбасына әнші Президенттің үстел теннисі үстелінде түскен суретін де қоса жариялаған.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл спорт түрімен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Ол 13 жыл бойы Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарған және үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидат атағына ие.

The Limba Тоқаевқа ұсыныс жасады
Фото: Instagram.com/thelimba

Бұған дейін Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен және Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен де ресми кездесулер барысында үстел теннисін ойнаған.

Әзірге Ақорданың баспасөз қызметі әншінің бұл ұсынысына қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Ал әлеуметтік желі қолданушылары Президент шақыруды қабылдай ма деген сауал төңірегінде қызу талқылап жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2026 14:00