Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Мұқасан балаларының қазақша білмеу себебін түсіндірді

Бүгінде Мұқасан Шахзадаевтың шаңырағында ана тілдің еңсесі түсіп тұр. Өйткені өнер иесінің ұлдары мемлекеттік тілді меңгеруде кенже қалған.

Әншінің отбасындағы мұндай олқылықтың орын алуының өзіндік себебі де бар көрінеді.

Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Мұқасан, Алматыдағы қазақ тілді балабақшалардың талапқа сай болмауымен түсіндіреді.

«Бұл жайлы айтсам, бір жағынан жамандағандай боламын. Мен мысалы үлкен ұлым Димашты іздеп жүріп қазақша балабақшаға бердім. Бір жағынан менің келіншегім осы Алматының қызы. Орысша өскен қыз. Бірақ мен сонда да баламыз қазақша оқиды, қазақша сөйлесін деп қазақ балабақшасына апардым.

Бір өкініштісі баламыз сол балабақшада алты ай жүріп, бір ауыз қазақша үйренген жоқ. Бір тақпақ білмейді. Сосын бір күні қарасақ, баламыз не қазақша, не орысша сөйлемейтін дүбәра болып келе жатыр», – дейді Мұқасан.

Қазақ тілді балабақшалардан көңілі қалған ата-ана, тұңғышын орыс тілінде тәрбиелейтін орталыққа апаруды жөн деп шешеді. Абырой болғанда үлкен ұлы Димаш өзге тілді тез меңгеріп, жақсы нәтижеге қол жеткізе бастағанын бірден аңғартқан.

«Сосын амал жоқ бір орыс балабақшасына беріп едік, ұлым бір аптаға жетпей көлемді тақпақтарды жаттап, сайрап шыға келді. Ол жер әрі мектеп, әрі балабақша екен.

Өте жақсы үйретті. Содан кейін мектепке баратын кез келді. Енді балабақшада орысша тәрбиеленді, оның үстіне жұбайым да орыс тілді болғандықтан, балалардың сабағын өзі қадағалайды ғой. Сөйтіп орысша мектепке бердік, өкінішке орай», – дейді әнші.

Сондай-ақ, екіншісі Дастан мен үшінші атұстары Диярды да тұңғышы Димаш білім алған балабақшаға беріп, кейін барлығын орыс мектебіне берген. Бүгінде балаларының қазақ тіліне келгенде шорқақтау болуы да сондықтан екен.

«Алматыда мен тұратын ауданда, яғни біздің көршілердің ішінде бір орыс жоқ. Барлығы қазақтар. Бірақ барлығы орысша сөйлейді. Оларға мен: «Ей, неге орысша сөйлесесіңдер, қазақша сөйлесіңдер» – деп ұрсамын.

Біздің көзімізше былдырлап сөйлеседі де, көзіміз тайып кетсе бәрібір орысша сөйлейді екен. Бұл енді біздің бір ақсап жүрген жеріміз ғой. Бірақ дегенмен де көш жүре түзеледі, оның барлығы орынына келеді деп ойлаймын», – дейді Мұқасан Шахзадаев.

Бірақ әнші ана тілін жетік білмейтін ұлдары үшін ет-жақындары мен әріптестерінің арасында қысылатынын жасырмады. Жұлдызды әке күнделікті қазақша сөйлесуге әрекет жасап, ізбасарларын қазақ тілін үйретуге тырысқанымен, әзірге ешқандай нәтижеге қол жеткізбегенін айтады.

 

Талқылау