Анна Данченко: Отбасылы әншілердің арасында маған сезімін білдіргендер болды
Танымал тележүргізуші, журналист, "Өмір және өнер", "Айта берсін" бағдарламаларының авторы Анна Данченко Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, болашақ жары, ата-анасы, өзіне сөз салатын әншілер туралы сыр шертіп, бәлкім қартайған шағында жұлдыздардың құпиялары мен былықтарын ашатын кітап жазуды қолға алатынын айтты.
Сіз үшін журналистика мамандық па қалау ма?
Жүрегімнің қалауы. Мен журналистиканы оқыған жоқпын. Негізгі мамандығым - филолог. Ағылшын, неміс тілдерінің оқытушысымын. Ақтөбедегі оқу орнында оқып жүргенде кастингке қатысып телевизияға жұмысқа алындым. Сол кезден басталды жуналисттік өмірім. Тәжірибем аз болғандықтан жаңалықтар емес, таңғы бағдарлама жүргіздім.
Ол кезде басқа ұлттың адамы қазақша жаңалық оқығаны сәнге айналған еді. Мен ондай жеңіл оймен шыққым келген жоқ. Алдымен меңгеріп алғым келді. Менің атым қалыптасу үшін менің түрім немесе тіл білуім ғана жеткіліксіз нәрсе.
Өнерге жақын екеніңізді білеміз. Шоу-бизнес өкілдерінің арасында көп жүресіз. Сізді сахнадан көруіміз мүмкін бе?
Өнерге жақын адаммын. Он жасымнан домбыра сыныбына барғанмын. Музыкалық білімім бар. Анамның арманы - Мақпал Жүнісовамен дуэт жазғаным. Бірақ үлкен сахнада емес, өзі естіп тыңдағысы келеді. Әнші болу керек екен деп фонаграмма жаза салып, ән айта салып, тойға шығып дегендей ойым жоқ. Мен олай планкамды түсіргім келмейді. Бұл жерде әншілердің планкасы төмен деген сөз емес. Өзім білмейтін, жасап көрмеген дүниені халықтың алдында үлкен сахнаға шығып, паш етудің қажеті жоқ.
Ұлтыңыз қандай?
"Сіз біздің арамызда жүрген соң, қазаққа ұқсап кеткенсіз" дегенді жиі айтады. Ата-анам орыс ұлтының өкілдері. Аралда туып өскен.Түп нағашыларым Оренбург жақтан. Анамның бойында казак ұлтынан қаны бар. Әкемнің жағында Украинаның қаны бар. Қараторылығым сол нағашы жақтан казактардың қаны бар болған соң шығар.
Сізді қазаққа етене жақын қылып тұрған дүние қазақ тілін кейбір қазақтардан да жетік білетініңіз. Қазақ тілінің сіздің өміріңізден алар орны туралы... Орыстарға да қазақша сөйлеп қойған кездеріңіз болды ма?
Тоқсан тоғыз пайыз қазақша сөйлеймін. Бір пайыз ата-анаммен ғана орысша сөйлесемін. Егер қазақтар қазақшаны біліп тұрып, орысша сөйлеп тұрса, мен оған қазақша жауап беремін.
Әріптестеріңізден мінезі қиын деп естідік сіз туралы. Қаншалықты рас?
Кіммен болса да жайлы болуға тырысамын. Журналист мамандығы сондай мінезді талап етеді. Егер де мінезім ауыр болатын болса, осы күнге дейін журналистика саласында жүрмес едім. Кез-келген адаммен тіл табысу, оның ішіндегі құпиясын алу, ашу оңай емес. Кейде сырласып та, дос болып та кететін жәйттар болады. Мінезі ауыр дегенде жалпы мінезге байланысты емес, жағдайға байланысты айтылған пікір шығар. Олардың пікірінің мәні бар. Себебі, өзіме көп адамды жақын тартпаймын. Жақын достарым өте санаулы. Адал достың қандай болу керектігін білемін. Кез-келген адамды жан досым деп айта алмаймын. Досым деп айту үшін біраз сынақтан өтуі керек. Сенің алдындағы жауапкершілігі болу керек.
Кез-келген адам өзге біреу туралы айту арқылы өзінің тәрбиесінен, білімінінен хабар беріп отырады ғой. Әріптестерім айтатын шығар. Өйткені бәсекелестік деген бар.
Жұлдыздардың арасында көп жүресіз. Түсірілім жұмыстарына көп қатысасыз, ол жердегі аура ұнай ма? Көңіліңіз қалған кездер болды ма?
Бастапқы кезде болды. Ол кезде қатты ренжитінмін. Уақыт өте келе көп нәрсені түсінесің. Көңіліне қарайсың, бабын табасың. Мен танауы аспанға кетіп қалған жұлдыздардан сұхбат алмаймын. Басында "қара тізімге" енгізіп қойдым, одан сұхбат алмаймын деген кісілік болды. Күнде сөйлесіп жүріп, әріптестерінің қасында өзін басқа қырынан көрсетіп тұрса, қасына барып "Кішкене төменге түс. Қазір сұхбат бергің келіп тұрмаса айт, басқа біреудің көзінше мені төмендетудің қажеті жоқ" деп айтам. Егер оған да көнбесе, келесі жолы сұхбат алмаймын. Менде ондай әншілер бар.
Әншілер тарапынан журналистерге деген көзқарас нашар. Неге?
Ол бұрыннан бар нәрсе. Кез-келген адам, оның ішінде танымал адамдар, әншілер өздерін тек жақсы жағынан көрсетуімізді сұрайды. Бірақ олай болуы мүмкін емес қой. Егер де сен үнемі бір адамды жақсы, жақсы дей бергенмен, ол адам болғаннан кейін қателік жібереді. Былайша айтқанда плагиат жазады, ән ұрлайды. Қателік жасағанын айтпасаң да болмайды. Төмендету мақсатында емес, сабақ болсын деп айтасың. Бірақ оны әркім әрқалай қабылдап түсініп жатады. Осы уақытқа дейін біреудің сұхбатын бұрмалаған кезім болған жоқ. Абайлап, ойланып сөйлейтін адаммын.
"Өнер мен өмірдің" айналасында біраз шу шықты. Бірінші бағдарламадан-ақ дау-жанжал шығуы арнайы ұйымдастырылған дүние ма? Әлде өзіңізге де істің бұлай өрбігені қатты тиді ме?
Бізде ондай мақсат болған жоқ. Егер журналистиканы жақсы білетін адам болса, ұлт-ру тақырыбына байланысты сұрақты бірнеше рет қайталап қоюға болар еді. Жауап бермеді ме қайта-қайта қойылады. Ал бұл жерде жалпы түрде қойылған сұрақ болды. Өзінің жұбайы, балалары туралы айта ма деген мақсатта. Неге бірден сұрамадың деген сұраққа келетін болсақ, о баста отбасы, әйелі бала-шағасы бар ма деген сұрақтар қойылмасын деген өтініш жасалды. Мен оcыны ескеріп, тіке сұрамаған едім. Бізде де редакторлар бар. Ақылдасамыз. Сұрақтар сүзгіден өтеді. Әдейілетіп қойылған сұрақ болса, ол анонста шығатын еді.
Сол бағдарламада Анна мен Әбдіжаппарды не байланыстырады деген сұраққа жауап айтылмады. Шынында, Анна мен Әбдіжаппарды не байланыстырады?
Бағдарламада айтпағаннан кейін, ол кісінің қалауы болмағаннан кейін қазір айта алмаймын. Осы жерде айта ма деп әдейі қойылған сұрақ еді. Бірақ ол жауаптан қашты. Не бар екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ махаббат емес. Уақыты келгенде өзі айта жатар.
Сіздің өзге ұлт екеніңізді пайдаланып, көңіліңізге келетін дүниелер айтатын хейтерлерге не айтасыз? Кейде "орыстың қызы қазақ пен қазақты қырқыстырып қойды" деп те жататыны бар...
Ештеңе демеймін. Итпен ит болып үрмеймін. Менің тәрбием басқа. Менің ата-анам өте білімді. Үйдің кенжесімін. Былайша айтқанда үлкендердің тәрбиесін көріп өскен адаммын. Маған жекеге жазғандар да болды. Бірақ қайтесің енді. Сабыр қылып күту керек. Мен сабырлы, шыдамды болмасам, қазіргі деңгейіме жетпес едім. Өйткені аяқтан шалғандар да көп болды. Эфирге шығарғысы келмей, бағдарламаларды бермей деген сынды қиындықтар өте көп болды.
Әбдіжаппардың эфирінен кейін көп кісілер хабарласты. "Сенікі дұрыс емес" деді. Жарайды. Басқа не айтамын. Әбдіжаппар екеуміздің ортамызда не бар екенін көп әншілер біледі. Соны біле тұра оның аяғынан шалмаймын ғой. Мен ешқашан да рейтинг қуалаған адам емеспін. Егер мен рейтинг қуалайтын болсам, әншілердің құпияларын, мен білетін былықтарын айтатын болсам, баяғыда шоу-бизнестен кетіп қалушы едім. Мүмкін қартайған кезде кітап жазып, сонда айтатын шығармын.
Абай Бегей өз парақшасында "сәлем салады, қазаққа келін болады" деп сүйінші сұрап жатыр. Құпияңызды айтып қойғанына ренжіген жоқсыз ба? Болашақ жарыңыз ше?
"Тұрмысқа шыққан соң, сіздің тойыңызды "Айта берсінге" кім шығарады, тойыңызды көргіміз келеді" деген сұраныстар да түсіп жатыр. Менің өзімнің жоспарым бар. Бірақ қандай екенін әзірге айтпаймын. Әрине, менің сүйіктім ренжіді. Алып тастауын сұрады. Сосын Абай ағама алып тастаңыз деген соң, ол кісі алып тастады.
Ауылдың келіні боласыз ба, қаланың ба?
Осы Алматыда тұрады. Қаланікі. Қазақ, мұсылман. Шоу-бизнеске қатысы жоқ. Мен ешқашан қаламағанмын шоу-бизнестегі адамның жарым болғанын.
Әншілер арасынан сізге сезім білдіргендері болды ма?
Егер де маған деген сезімі бар екен біліп, көріп тұрсам дереу кесіп айтамын. "Осы әңгіменің қажеті жоқ. Ертең сәлеміміз түзу болсын десеңіз, осы жерден тоқтай салайық" деймін. Отбасылы әншілердің де арасында маған сезімін білдіргендер болды. Түсіністікпен қарауға тырысамын.
Бір жазбаңызда "сенім дінге байланысты емес" деп қалдырыпсыз. Болашақ жарым мұсылман деп отырсыз. Сіз қай дінді ұстанасыз?
Дін, ұлт деген тақырыптар менің қозғағым келмейтін тақырыптар. Ол әркімнің ішкі ойы, сенімі. Дініне, ұлтына қарамаймын. Ұлт-дініне қарайтын болсам, орыс жігіттермен жүруші едім. Адамдарды бөлмеймін, бөлген емеспін де. Мысалы, маған церковьке де, мешітке де барған қиындық тудырмайды. "Мұсылмансың ба, басқасын ба?" деген сұрақтарға жауап бермеймін.
Осы уақытқа дейін болашақ жарыңызды көп іздедіңіз. Бұл жігіттерге қойылатын талаптың жоғарылығынан ба? Аннаның болашақ жары қандай болу керек?
Өмір көрген, оқыған, білімді. Ата-анасын сыйлайтын, қарапайым, өзі көтерілген. Өзіме жайлы болса болды. Бірақ өзіме ғана ұнаса екен деп таңдаған жоқпын. Ата-анамның сөзін қашанда бірінші орынға қоятын адамын. Ата-анама ұнап, көңілінен шығу керек. Осы уақытқа дейін жүргенде таңдағаның мынау ма дегізбейтіндей.
Болашақ жарыңыз "Анна бұл жұмысыңды доғар, үйде отырасың. Өзім сені асыраймын" десе...
Ол кісі о баста түсініп қарады. Мен оған тұрмысқа шыққан соң, бала тәрбиесімен үйде отырамын дегенде: "Жоқ отырмайсың. Сен осы уақытқа дейін көп нәрсеге жүгіріп, тыным көрмегенсің, үйде отыра алмайсың. Біріншіден, ол сенің болмысыңа сай келмейді, ізденуің керек. Екіншіден, сен маған қызық болуың керексің. Ал сен үйде отыратын болсаң, қызықсыз болып қаласың, күнде үйренген-білгеніңмен менімен бөлісіп отыруың керек", - деді.
Бағытты өзгертуім мүмкін. Шоу-бизнестен алшақтауым мүмкін. "Айта берсін" жеңіл-желпі бағдарлама ғой, шыны керек, мен ол бағдарламаның деңгейінен өсіп кеттім.
Анна ханым, сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбатты дайындаған Жанна Мәлік