Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ана атануға дайын болмадым": Фариза Төреәлі жүктілігі жайлы сөз қозғады

Белгілі блогер, коуч Фариза Төреәлі “Мамский әңгіме” бағдарламасында жүктілікке қалай дайындалғанын және алғаш рет онкологияға күдік болған кезі туралы сыр шертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Фариза Төреәлі ерте тұрмысқа шыққандықтан отбасылық өмірге және ана атануға дайын болмағанын айтты.

“18 жасымда тұрмысқа шыққан соң 4 жыл бойы жүктілікке дайын болмадым. Сол кезде бірден Дарханға айттым. Оған моральды және физикалық тұрғыдан дайындық керек еді. Бәрі дайын жүру мүмкін емес қой. Менің енді ғана күйеуге шыққан кезім. Оның өзі үлкен стресс. Қарым-қатынасты реттеуге, гармонияға жету үшін қаншама уақыт кетті. Ана болуға саналы түрде бару керек”, – деді Фариза Төреәлі.

Фариза Төреәлінің айтуынша, осы уақытқа дейін анасы мен енесі тарапынан баланы қашан көтересің деген сұрақтар болмаған.

“Тек оқырмандар сұрай беретін. Бірақ жүктілікке қатысты сұрақтар менің көңіліме тимейтін. Ағамның үлкені Кәусар – ерекше қыз. Америкада жүргенде маған Қағбаның, баланың суретін жіберді. Бірден хабарластым. "Сендер бала қалайсыңдар ма, Меккеге барып дұға етіңдер" деді. Сосын Дарханға айттым. Бірден қажылыққа Дархан билет алды. Меккеге барып, дұға етіп сұрадым. Аз уақыттан кейін Алла нәсіп етті”, –  деді ол.

Алайда блогер баланы өмірге әкелген соң дәрігерлер оның тексеріс қорытындыларында "өзгерістер" бар деп бірнеше күн бойы перзентханадан шығармай қойыпты.


“Баланы дүниеге әкелгеннен кейін дәрігерлер мені флюорографияға түсіріп, ағзамда өзгерістер бар екенін айтты. Перзентханадан шығамын деп жоспарлаған күні маған шығуға болмайды деді. Үйге бармағаныма бірден көңілім түсіп кетті. Ешкім ештеңе айтпай жатыр. Кейін олар “Онкология” деп диагноз қойды. Оның не екенін түсінгім келмей, бар ойым балада болды. Ол кезде жанымда анам, жолдасым бәрі жүрді. “Бәрі жақсы, Мама, неге жылайсыз” деп қоямын”, – деп блогер бүкпесіз ақтарылды.

Фариза Төреәлі бірнеше күн перзентханада жатқанын және одан шығарған кезде бәрінің көңіл-күйі болмағанын айтты.

“Мен ғана мәзбін. Дархан “Ешнәрсе білмеймін… Түркияға кетеміз, тексерілу керек деп жатыр” деген сөзіне “қызымды алып кетемін немесе қаламын” деп жауап бердім. Оның бұл ойына  келіспей жүрдім. Бір қарасам, бөлмеде көзінен жас ағып отыр. “Сені жоғалтып алуға қорқамын, сенсіз қалғым келмейді” деп жылады. Оның көңілін сол кезде түсіндім. Бірақ 7 күн болған баламды тастап кететініме қиналдым. Түркияға кеткен себебіміз менен биопсия алу керек болды. Ал Қазақстанда оны алу үшін кеудені кесіп жасайды екен. Оған келіспей, Түркияға ұшып кеттік. Қызым ата-енеммен қалды. Дина ол кезде жүкті еді, құрбым бәрі қасында болды. Түркияда 15 күн болдық. Наркозбен ота жасалып, лазермен бәрібір кеудені тесті. Бір емес, бірнеше ағзамнан тексеріс жасап, “рак клеткалары жоқ, таза” деп диагноз қойып берді. Сөйтіп, 15 күннен соң елге қайтып келдім”, – деді Фариза Төреәлі.

Еске салайық, танымал блогер, кәсіпкер Фариза Төреәлі жолдасы Дархан Нортаевпен бірге мешіт саламын деп халықтан сөз естігенін жазған едік. 

Талқылау