"Altyn Orda" әлем кубогында қазақстандықтар 4 алтын медаль иеленді
Атырауда дәстүрлі садақ атудан өткен "ALTYN ORDA" әлем кубогы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған халықаралық додаға әлемнің 18 елінен 100-ге жуық мерген және Қазақстанның өңірлерінен 100-ден астам спортшы қатысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметі жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 12 жүлделі орынға ие болғанын мәлімдеді.
Спортшылар "Пута", "Қалқан" және "Жамбы" нысаналары бойынша бақ сынады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль түсті.
“Жарыс жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Әлемнің 18 елінен спортшылардың Атырауға келуі - өңіріміз үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай халықаралық додалар ұлттық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, Атыраудың туристік беделін арттыруға да оң әсер етеді. Алдағы уақытта осындай халықаралық жарыстарды тұрақты түрде өткізуге мүдделіміз”, – деді Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов.


