"Алтын Орда" базарының иесі қамауға алынды
Сот "Алтын Орда" базары иелерінің бірі Данияр Әлпиевті екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: lsm.kz
Ақпаратты Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі растады.
"Алматы облысы Қарасай аудандық соты Алматы облысы Қарасай ауданы ПБ тергеушісінің қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген А.-ға қатысты "қамау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін қарады. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша "Алаяқтық, яғни аса ірі мөлшерде алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру", – делінген сот хабарламасында.
Прокурор Әлпиевке жеке мүлікке қарсы ауыр қылмыс жасады деген айып тағылғанын, оның 2019 жылы бұрын осыған ұқсас ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғанын, тергеу мен соттан жасырынып, тергеуге кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтіп, қамауға алу туралы өтінішті қанағаттандыруды сұрады.
"Материалдарды зерделеп, тараптардың уәждерін тыңдап, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 136, 147 және 151-баптарын басшылыққа ала отырып, сот тергеушінің А.-ға "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2019 жылы Әлпиев банк саласындағы "алаяқтығы" үшін шартты түрде 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылған болатын.