Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын орда" базарында тағы да шу: Экс-директор 300-ге жуық сатушыдан қомақты қаржы алып, хабарсыз кеткен

Алматыда "Алтын орда" базарының сатушылары тағы да шу шығарды. Олардың айтуынша, базардың экс-директоры жаңа орын салып беремін деп 300-ге жуық адамнан қомақты көлемде ақша жинап, із-түссіз жоқ болып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

"Алтын Орда" - 10 мың орынға шақталған, Алматыдағы ең ірібазардың бірі. Қосымша тағы сауда орындары салынады дегенге сеніп 300-ге жуық сатушы қаржыларын салған. Бірақ бұрынғы басшысы хат-хабарсыз кеткен.

"10 ай бойы есептеңіз ай сайын миллион болғанда әрқайсысы 8-10 миллионнан ақша құйды. Әр салымшы 300 адам 1миллиард 600 миллион теңге ақшаны Альпиев Данияр жинап алып жоқ. Құрылыс тұрған жоқ. 23жылы октябрь емес 24 ші жыл шілде болды иә. Біз орнымызды күтіп жүрміз", - деді сатушы Райхан Айдарбаева. 

Тағы бір сатушы Гүлайым Мақашеваның сөзінше, "Алтын Орда" әмбебап сауда кешенін жалға алған Данияр Әлпиевтің компаниясына 60-70 пайыз қаражат құйылып кеткен.

"Өйткені кассир Маржан дейтін кісі ай сайын құйыңдар 1 милиион құйыңдар 2-3 милиион құйыңдар деп зарлап отыратын сөздің шыны керек бар ғой халықты қорқытып. Құймасаңдар бутиктарыңды аламыз да, басқа біреуге сатамыз дейтін", - дейді сатушы. 

Базар басшылығының заңгерінің сөзінше, қолдарында барлық келісімдер бар. Істің заң жүзінде шешілгенін қалайтынын жеткізді.

"Қазір жиналып жатқан салымшылардың бәрінің қолдарында чектері бар тиісті құжаттары бар. Ол жаңағы "Алтын орда ню" компанияға, алдында жұмыс атқарған компанияға ақша құйған. Бұл жерде 300 ге жуық салымшылар бар.Бұл интернет желілерінде көптеген жалған ақпарат таратылып жатқаннан кейін салымшылар көріп, назарға алып өздерінің азаматтық құқықтарын қорғау үшін жиналып жатыр", - деді базар басшылығының заңгері Ізбасар Өтеулин. 

Полиция бұған қатысты іс қозғады.

"Алаяқтық фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Іс бойынша барлық мән-жайларды анықтау үшін жедел-тергеу іс-шараларының барлық кешені өткізілуде. Қазіргі уақытта қылмыстық процес қатысушылары қылмыстық іспен танысуда. Тергеу амалдары аяқталған соң, қылмыстық іс сотқа жолданады", - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова. 

Полиция департаменті егер бұрынғы базар басшысының кінәсі дәлелденсе, заң алдында жауап беретінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында "Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры Эрмек Марқабаев төрт жылға сотталған еді. Марқабаев аса ірі мөлшерде психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтады және тасымалдады деп айыпталған. 

Талқылау