Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Алтын адамды» тапқан археолог: Кемел Ақышев туралы не білеміз

«Алтын адам» қазақ тарихының ажырамас бөлігі. 1969 жылы Есік қорғанынан алғаш «Алтын адам» табылғанда әлем назары Қазақстанға ауды. Міне, сол Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесін белгілі археолог Кемел Ақышев тапқан еді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Алтын адамды» тапқан археолог: Кемел Ақышев туралы не білеміз

Кемел Ақышев 1924 жылы 23 мамырда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Болашақ археолог ерте жасында ата-анасынан айырылып, жастайынан жетім қалды. Кемел Ақышевтың балалық шағы дәл ұжымдастыру науқанына тап келді. Ал жастық кезі Ұлы Отан соғысымен қатар өтті. Тарихтың ең ауыр кезеңдерін бастан өткерген Ақышев рухани тұрғыдан шыңдалып өседі. Ол өмір сүруге, оқуға құштар болды. Соның арқасында биік белестерді бағындыра алды. Есімі тарихта қалды. 

Білімге құштар болған Кемел Ақышев әскери училищені аяқтап, майданға да барып қайтты. Майданнан келгеннен кейін Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1950 жылы тәмамдайды. Білім алудан жалықпаған болашақ зерттеуші университет біліргеннен кейін аспирантураға тапсыруды шешеді. Сөйтіп, ол КСРО ғылым академиясының Археология институтына аспирантураға түсіп, 1953 жылы Мемлекеттік Эрмитаждың Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Студент болып жүріп сабағымен қатар, археологиялық қазба жұмыстарына да қатысып тұрды. 

1955 жылы Кемел Ақышев Қазақ КСРО ҒА Тарих, археология, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. Одан кейін ұстазы Әлкей Марғұлан атындағы ҚР ҰҒА Археология институтының бас ғылыми қызметкері болып тағайындалады. 

«Алтын адамды» тапқан археолог: Кемел Ақышев туралы не білеміз

Ақышев археологияның арқасында есімі тарихта қалған белгілі ғалым болды. Ғылым оның өмірі болды. Және ғылымды өміріне айналдырған зерттеуші үлкен құрметке ие болды. Оны бәрі құрмет тұтты. Ол Қазақстанның есімін әлемге паш еткен «Алтын адамды» тапты. Сондай-ақ, ұлттық тарихымызды ғана емес, дүниежүзілік тарихты да байытқан қазба жұмыстарын дәл Кемел Ақышев жүргізген деп мақтанышпен айта аламыз.

Алматы облысының Есік қаласының маңында жүргізілген қазба жұмыстарынан бөлек, Орталық Қазақстанның археологиялық нысандарын зерттеу жұмысы да Кемел Ақышевтың есімімен тығыз байланысты. Ол ХХ ғасырдың 40 жылдары Әлкей Марғұланның жетекшілігімен археология саласына қызығушылық танытып, Беғазы, Сангру сынды қола дәуірінің қорымдарын зерттеуге ат салысқан. Ал, ғылымдағы дара жолы Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы тың және тыңайған  жерлерді зерттеуден басталды. 
54 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі басталғанда заң бойынша игерілетін жерді ең алдымен археологтар бір қарап шығып, тарихи ескерткіштердің бар-жоғын тексеретін. 3 жыл қатарынан 1954-56 жылдары археологтар Қазақстанның орталық және оңтүстік аймақтарын осы мақсатта зерттейтін.

Қазақстанның солтүстігіне аттанған мұндай экспедициялар 3 жылдың ішінде 600 археологиялық ескерткіш тапты. Қазба жұмыстары шамамен 200 нысанда жүргізілді. Соның нәтижесінде «Қазақстанның археологиялық картасы» атты кітап жарық көрді. 

«Алтын адамды» тапқан археолог: Кемел Ақышев туралы не білеміз

Кемел Ақышевтың есімі Қазақстанның тәуелсіздігінің нышанына айналған алғашқы «Алтын адамның» табылуымен тікелей байланысты. Ғалымның еңбектері дала өркениеті мен Орталық Қазақстанның археологиясына қатысты мәселелерге арналған.

1997 жылы белгілі археолог Қазақстанның жаңа астанасына шақырылды. Басты мақсат – Ақмола аймағының археологиялық нысандарын зерттеу болатын. Ғалым Бұзықты көлінің жағасындағы жұмбақ қаланы іздеуге кіріседі. Ол туралы Ақышев Ресейдің мұрағаттарынан оқып біледі. Ұзақ жылдарға созылған жұмыс бір күні ойламаған жерден нәтиже берді. Көне шаһар тың игерушілер орнатып кеткен геодезиялық белгінің жанынан табылды. Арада бір жыл өткен соң сол маңға Есіл археологиялық экспедициясы аттанады. Кемел Ақышұлы Ұлы Жібек жолы өткен көне қалаларда, яғни еліміздің оңтүстігінде жұмыс істеп жатқан асперанттарын шақырды.

Осылайша, зрттеушілер ежелгі қазаға Бозок деген атау береді. Сол сәттен бастап елоданың ерте дәуірлерде жатқан тарихи тамырының аяғы болған шаһар Нұр-Сұлтан қаласының брендіне айналды. Ал, Бозокты ұзақ жылдар бойы зерттеген Кемел Ақышев үшін бұл басты археологиялық нысан болды.

Ғалымның өмірінде атқарған тағы бір маңызды ісі Еуразиялық ұлттық университет қабырғасында археология кафедрасын ашуымен байланысты. Ол мұнда 2003 жылға дейін, өмірінің соңғы сәтіне дейін жұмыс істеді. Белгілі археолог 82-ге қараған жасында дүниеден озғаннан кейін университет басшылығының шешімімен кафедрада Кемел Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу  институты ашылды. Және 2005 жылы Еуразия университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен осындай ғылыми-зерттеу институты ашылды. 

Кемел Ақышев Қазақстан археологиясының негізін қалағанымен қатар, үлкен мектеп қалыптастырып кетті. Оның бізге белгілі 200 ғылыми еңбегі мен 15 кітабы бар. Бүкіл әлемге мәшһүр болған «Алтын адамды» тапқан археолог «Құрмет», «Жеңіс», «Парасат» ордендерімен марапатталған және оның есімі ҚР «Алтын құрмет» кітабына енгізілген.
 

Талқылау