Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының тұрғыны мысықтарды бауыздап, қоғам мен полицияға қоқан-лоққы көрсетуде

Алматылық Роман Чекмарев басы шабылған мысықтарды видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желілердің біріне жүктеді. Қолына қанға боялған араны ұстап алған ол, полицейлер мен жануарларды қорғаушыларға дөрекі сөздерді айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі  хабарлайды.

Роман Чекмарев видеоны “Вконтакте” әлеуметтік желісіндегі парақшасына жүктеді. Видеода ол Карина есімді қызға үндеу жолдау арқылы мысықтарды неліктен бауыздап тастағанын түсіндіруге тырысады. Сосын ол полицейлерге дөрекі сөздерді айтып, оларға қоқан-лоққы көрсететінін жеткізген.

Қазіргі уақытта видео әлеуметтік желіде жоқ. Автор осы үшін жауапкершілікке тартылатынын түсініп, оны өзі өшіріп тастаған болар. Ал басы шабылған мысықтарға қамқорлық танытқан қыз, азаматты жауапкершілікке тартпақ.

“Маған және менің жануарларыма мына “маньяк” қоқан-лоқы көрсетуде. Қазір оның видеосында маған үндеу жасалғанын білдім. Мысықтарымның, иттерімнің, менің басымды шауып тастайтынын айтқан. Осы видеоны көрген барлық адамдардың осыған куәгер болуларын сұраймын. Видеоны өшірген де сол”, —дейді Карина Маштакова өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.

Карина Маштакованың айтуы бойынша, осыдан бірнеше жыл бұрын ол Роман Чекмаревпен белгілі бір әдеттердің салдарынан сөзге келіп қалған. Енді азамат оған бұрынғы болған жағдай үшін кек қайтарғысы келеді.

Видео әлеуметтік желілерден өшірілгенімен, оны белсенді азаматтар, нақтырақ айтқанда жануарларды қорғаушылар көшіріп алған.  Олар енді полициядан Роман Чекмаревты Қылмыстық Кодекстің 316, “Жануарларға зорлық көрсету” деп аталатын бабымен  жазалауды талап етуде.
Алматы қаласындағы ІІД болған жайтқа әлі түсініктеме берген жоқ.

Талқылау