Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда риелтормен кездесуге шыққан қыз төртінші қабаттан құлап қаза тапты: Отбасы оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді

белгісіз түрде терезеден секіріп кеткен
Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Алматыда екі жыл бұрын болған 22 жастағы қыздың жұмбақ өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қайта қозғалды. Вероника Соколова риелтормен кездесуге барған кезінде төртінші қабат терезесіне құлап, кейін істі өз-өзіне қол жұмсады деп жапқан. Алайда анасы бұған сенбейді және оның өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Любовь Соколов жалғыз қызы Алматыда өзіне пәтер іздегенін айтады. Пәтер іздеп жүргенінде риелтор оны кездесуге шақырған. Бұдан әрі не болғанын анасы тек ер адамның әңгімелерінен білген.

"Екеуі мейрамханаға барған. Кейін ол: "Сен пәтер көргің келген еді ғой. Мен осы жерде пәтер жалдап тұрамын, қаласаң барып көрейік" деген. Сөйтіп екеуі пәтерге барған. Қалай келіскендерін білмеймін, бірақ интимдік қатынас ақшаға болады деп уағдаласқан сияқты. Ол Вероникаға ақша аударады. Алайда қыз ақша түспегенін айтып, үйіне қайтпақ болған. Сонда әлгі ер адам: "Қайда барасың? Мен саған ақша аудардым ғой" деген. Ал Вероника: "Ақша түскен жоқ, кетемін деп жауап берген", – дейді марқұмның анасы.

Бірнеше сағаттан кейін Верониканың мәйіті табылған. Ресми нұсқа бойынша, ол төртінші қабаттың терезесінен құлап кеткен.

"Оның айтуынша, алдымен қызымның телефонын тартып алған. Кейін Вероника телефонын қайтарып алу үшін оған тап беріп, ұра бастағанын айтты. Алайда жігіттің денесінде ешқандай жарақат немесе көгерген із болмаған. Соққыға жығылғаны жөнінде де полицияға не дәрігерлерге жүгінбеген. Кейін ол телефонды қайтарып беріп, "Жарайды, кете бер" деген. Есікті ашып, өзі сыртқа шығып бара жатқанында Верониканың терезе алдында отырғанын көрген. Ал жедел жәрдемді оқиға орнынан өтіп бара жатқан адам шақырған", – дейді марқұмның анасы.

22 жастағы Вероника басы мен оң аяғынан ауыр жарақат алған. Сондай-ақ оның денесінен көгерген іздер, жыртылған жаралар мен сырылған жерлер анықталған. Анасының айтуынша, қызының қолында ноутбук болған күйі төртінші қабаттан құлағаны күмән тудырады. Бұдан бөлек, оқиға болған пәтерден қанға боялған сырғалары табылған.

Марқұмның анасы бұл іс бірнеше рет сотта қаралып, кейін жабылғанын айтады. Дегенмен ол істі қайта тергеуге қол жеткізген. Әйелдің сөзінше, содан кейін риелтордың адвокаты өзімен хабарласып, ақша ұсынған. Осыдан кейін ол өз өміріне де қауіп төніп тұрғанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

"Қызынан айырылған ананы сатып алмақ болды ма? Бұл – өте арсыз әрекет. Егер олар мені де өлтіріп кетсе ше? Мен болмасам, бұл іс тоқтап қалады. Қызым үшін күресетін ешкім қалмайды. Мен өлімнен қорықпаймын. Бұл өмірде мені ұстап тұрған ештеңе жоқ. Бар тілегім – қызымның атына тағылған "өзіне қол жұмсады" деген қара таңбаны алып тастап, кінәлілердің заң алдында жауап беруіне қол жеткізу", – дейді марқұмның анасы.

Қазіргі таңда полиция аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр. Сонымен қатар іске "Өз бетінше әрекет ету" бабы да қосылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Верониканы соңғы болып көрген жігіт оның ұялы телефонын тартып алған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазір кешенді сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалар тағайындалған. Олардың қорытындысы бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті құқықтық баға беріледі. Қазіргі уақытта бір күдіктіге қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Ал марқұмның анасы бұл іске өзге адамдардың да қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған пәтерден төрт адамның саусақ ізі табылған. Алайда олардың кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Сонымен қатар көршілер жиһаз құлағандай қатты дыбыс естігендерін айтқан. Бұдан бөлек, іс материалдарынан Верониканың киімдері, фото және бейнежазбалары жоғалып кеткен.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 10 Шілде, 2026 09:55