Алматыда өткен Gran Fondo чемпионатына 1000-нан астам адам қатысты
Алматылықтар мен қала қонақтарының бір бөлігі өткен жексенбіні белсенді өткізді. Олар оңтүстік мегаполисте Halyk Bank қолдауымен өткен Gran Fondo World Championship веложарысына қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Таңғы сағат 5-те банк кеңсесіне жақын орналасқан алаңда адам қарасы қалың болды. Ерте тұрғанына қарамастан, қатысушылардың барлығының сергек, белсенді әрі жеңіске деген жігері жоғары екені байқалды. Сағат 06:00-де жарыс басталды. Спортшылар қашықтыққа қарай үш санатқа бөлінді: 37, 50 және 95 шақырым.

"Бүгінгі іс-шара Алматыда екінші рет өткізіліп отыр. Осындай тамаша шараға Halyk Bank-тің екінші жыл қатарынан бас серіктес болуы біз үшін үлкен мәртебе. Қатысушылар санының артып, қатысушылар келетін елдер санының да кеңейіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл шараға спорт туризм өкілдері де көптеп келді. Бұл өткен жылғы іс-шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді. Сонымен қатар, биыл Halyk Bank атынан жарысқа 50 қызметкер қатысып отыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Gran Fondo World Championship жарысының өткізілуі Қазақстанда спорт пен салауатты өмір салтын дамытуға үлкен үлес қосады", – деді Halyk Bank басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Сартаев.

Биыл веложарысқа Қазақстан, Испания, Финляндия, Чехия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Германия, Украина және басқа да елдерден 1000-нан астам адам қатысты.
Ұйымдастырушылар спортшылардың жасына ешқандай шектеу қоймаған. Жарысқа қатысуға ниет білдірген кез келген адам бақ сынай алды. Арасында балалар да бар. Олар үшін банк автотұрағындағы қауіпсіз алаңда педальсіз велосипедтермен (беговел) шағын жарыс ұйымдастырылды. Ең жас қатысушының жасы екіге де толмаған.

"Gran Fondo World Championship – әлемге танымал веломарафон. Ол әлемнің 17 елінде, соның ішінде Қазақстанда да өтеді. Елімізде бұл жарыс биыл тоғызыншы рет, ал Алматыда екінші рет ұйымдастырылды. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Биыл әлемнің 12 елінен 1067 адам тіркелді. Сондай-ақ жасы ең үлкен қатысушымызды ерекше атап өткім келеді. Оның жасы – 80-де. Жарысқа жыл сайын қатысады. Жалпы, салауатты өмір салты мен велоспорттың танымалдығы артып келеді. Қаладағы инфрақұрылым да кеңейіп, көлік жүргізушілері велосипедшілерге түсіністікпен қарай бастады. Бұл әрине, қуанарлық жағдай", – деді Gran Fondo World Kazakhstan негізін қалаушы Серік Тұрдалиев.
Маршрут Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) арқылы өтіп, жарысқа қатысушыларға таулар мен заманауи сәулеттің әсем көріністерін тамашалауға мүмкіндік берді. Жарыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерде бірнеше сағат бойы көлік қозғалысына шектеу қойылды. Жол жабынының сапасы мен жолдардың кеңдігіне қарамастан, қатысушылар маршруттың көтерілімдері көп болғандықтан, техникалық тұрғыдан күрделі болғанын атап өтті.

Веложарыстың тұрақты қатысушыларының бірі, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов кезекті Gran Fondo жарысына да қатысты. Оның айтуынша, бұл жарыс өзі үшін дәстүрлі шараға айналған.
"Жыл сайын жарысқа қатысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді, еліміздің әр өңірінен келетін адамдар да көбейіп жатыр. Бұл – Halyk Bank пен Велоспорт федерациясының қолдауының арқасында ұйымдастырылған велоспорт әуесқойларының барлығына арналған мереке. Қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі, спортпен айналысуға деген ынтасы жоғары. Мен 50 шақырымды жүріп өттім, енді бұдан да көп жаттығу керек деп ойлап отырмын", – деді Райымбек Баталов.

Бұл веложарыстың артықшылығы – оған тәжірибесі әртүрлі велосипедшілердің қатыса алуы. Дегенмен қатысушылардың едәуір бөлігінің велоспортта өзіндік қызықты тәжірибесі бар. Мәселен, алматылық Максим өз велосипедімен Шымбұлаққа көтеріліп, 60 шақырымнан астам қашықтықты еңсерген.
"Gran Fondo жарысына арнайы дайындалған жоқпын, жай ғана велосипед тебемін. Әлеуметтік желіден шара туралы хабарландыруды кездейсоқ көріп, тіркелуге шешім қабылдадым. Велосипедім таулы жерге арналған велосипед болғандықтан, 37 шақырымдық қашықтыққа қатысуға рұқсат алдым", – дейді ер адам.

Halyk Bank атынан веложарысқа 50 қызметкер қатысты. Олардың арасында мұндай жарыстарға бұрыннан қатысып жүрген тәжірибелі спортшылар да, бұл додаға алғаш рет қатысқандар да болды. Мысалы, №10 бөлімшенің аға менеджері Ибрагим Дәуров велосипед теппегеніне екі жылдай болғанын, соған қарамастан жарысты жіберіп алмауға шешім қабылдағанын айтты.
"Мен жарысқа алғаш рет қатысып отырмын, алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Енді алдымызға жаңа мақсаттар қоятын боламыз. 50 шақырымды жүріп өттім, аса қиындық болған жоқ", – деді ол.

Ал қазынашылық басқармасының басшысы Данияр Ахметов – тәжірибелі велоспортшы. Ол бұл жолы жақсы нәтиже көрсету үшін қашықтықты 95 шақырымнан 50 шақырымға қысқартуды ұйғарған.
"Өткен жолы 18-орынға ие болдым. Бұл жолы 95 шақырымға әлі дайын емеспін, жеткілікті жаттықпадым. Жалпы, дайындыққа екі ай уақыт кетті", – дейді Данияр Ахметов.
Gran Fondo жарысына қатысушылардың бірі – 72 жастағы Темір. Ол 12 жылдан бері велоспортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатысып келеді. Бұған дейін де жеңіске жеткен, сондықтан бұл жолы да 37 шақырымдық қашықтықта өз санатында "алтын" медаль иеленуді мақсат етті.

Барлық қатысушылар үшін Halyk жеңіл тағамдар мен сусындар ұсынылған промо-аймақ дайындады. Қатысушылар онда шатыр көлеңкесінде демалып, күш жинап, баспасөз қабырғасында естелік суретке түсе алды.
Веложарыс жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды. Оларға ақшалай сыйлықтар мен бағалы жүлделер табысталды. Алайда ең бастысы – барлық қатысушы күш-қуат пен мотивация алып, жаңа адамдармен танысып, келесі жарысқа жаңа мақсаттар қойды.
Қазақстандық қыз бір нанды бөлісіп жеген құрбысын аяусыз пышақтап өлтірген: Қанды қылмысқа не себеп болды