Алматыда "дипломын" жыртқан коллдеж түлегі бес тәулікке қамалды

Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірінің түлегі диплом табыстау рәсімінде “дипломын” жыртқан соң кейін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жігіт диплом табыстау рәсімінде дипломын жыртқан видеоны TikTok желісінде жариялады. Бейнежазба әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде Алматы полициясының назарына іліккен.
"Тексеру барысында Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірінің түлегі диплом табыстау рәсімінен кейін дипломның мұқабасына ұқсас затты көпшілік алдында жыртып жатқан видеоны әлеуметтік желіге жариялағаны анықталды. Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде түпнұсқа диплом мен оның қосымшасына, сондай-ақ білім беру ұйымы берген диплом мұқабасына ешқандай зақым келмегені белгілі болды. Бейнежазбада алдын ала дайындалған диплом мұқабасының имитациясы пайдаланылған", – деп хабарлады полиция.
Тексеру қорытындысы бойынша видео авторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Полиция өкілдері жалған ақпарат тарату, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе азаматтарды жаңылыстыратын контентті жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Бұған дейін колледж түлегі диплом тапсыру рәсімінде түсірілген видеодан кейін көпшіліктің сынына қалған еді. Әлеуметтік желіде тараған кадрда жас жігіт дипломды ала сала жұрт көзінше жыртып тастаған. Бұл әрекет желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Көпшілік мұны ұстаздарға, білім ордасына және жалпы білімнің құндылығына құрметсіздік деп бағалады.
Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған
Оқыңыз