Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғындарына тауға бармауға кеңес берілді

Тауға шықпауға ескерту
Фото: Stan.kz

Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының тұрақсыздығына байланысты 11 мамырда Алматы тұрғындары мен қонақтарына тауға шықпауды ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ТЖД мәліметінше, "Қазгидромет" болжамына сәйкес, 11 мамырда Алматыда найзағай, жаңбыр, кей жерлерде қатты жауын-шашын күтіледі. Сондай-ақ солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы кей уақытта 15–18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Іле-Алатау таулы аймақтарында, соның ішінде Ақсай және Үлкен Алматы өзендерінің алаптарында жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер, найзағай, бұршақ және екпіні 18–23 м/с-қа дейін жететін қатты жел болжанған.

"Алматы ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауды және дауылды ескерту кезінде тауға бармауды ұсынады", – делінген хабарламада.

 ТЖД қатты жел кезінде мынадай қауіпсіздік ережелерін ұстануды ұсынды:

  • көлікті ағаштың астына қоймауға тырысыңыз;
  • мүмкіндігінше үйден шықпау;
  • үйде болсаңыз, терезе мен есіктерді мықтап жабу;
  • балкон мен аулалардағы ұшып кетуі мүмкін заттарды жинап қою;
  • сыртта болсаңыз, ең жақын ғимаратқа (подъезд, дүкен) паналау;
  • жарнама қалқандарының, ағаштардың, аяқталмаған құрылыстардың астына тұрмау;
  • электр желілерінің маңына жақындамау және үзіліп түскен сымдарға қол тигізбеу.
Stan.kz
Дүйсенбі, 11 Мамыр, 2026 11:12