Алматы облысында мопед жүргізушісі зейнеткерді қағып қашып кеткен

Алматы облысында мопед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан зейнеткер әйелді жоғары жылдамдықпен қағып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, жол апаты Боралдай кентіндегі Абылай хан көшесінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада соққының қатты болғаны көрінеді. Әйел жолдың ортасына ұшып түсіп, ауыр жүк көлігінің астына түсіп кете жаздаған. Абырой болғанда, жүк көлігінің жүргізушісі дер кезінде тоқтап үлгерген.
Оқиға куәгерлері мопед жүргізушісінің әрекетіне наразы. Олардың сөзінше, ол құлағаннан кейін тек мопедінен ұшып кеткен орындығын алып, зардап шеккен әйелге көмектеспестен оқиға орнынан кетіп қалған.
Жарақат алған әйелге алғашқы көмекті оқиға куәгерлері көрсеткен.
Белгілі болғандай, мопедте жүргізушімен бірге қыз да отырған. Ол да құлап, жарақат алған.
Зардап шеккен екі адам, яғни жаяу жүргінші мен мопедтің жолаушысы ауруханаға жеткізілді.
Алматы облысының полициясы мопед жүргізушісінің жеке басы анықталғанын және оның жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Алайда нақты қай бап бойынша жауапқа тартылғаны әзірге нақтыланбады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда электрсамокат тізгіндеген белгісіз адам модель Мөлдір Серікқызын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Салдарынан бойжеткен ауыр жарақат алып, Kazakhstan Fashion Weekкөрсетіліміне және басқа да жұмыс жобаларына қатыса алмай қалғанын мәлімдеді. Ол самокаттарға қатысты талаптарды күшейтуді талап етіп, петиция бастайтынын хабарлаған еді.
Оқыңыз