Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Алматы облысында тамақтан уланып қайтыс болған бала гамбургер сатып алған дүкеннен стафилококк табылды
Алматы облысында астан уланып қайтыс болған бала гамбургер сатып алған сауда нүктесі тексерілді. 14 жастағы Жаннұр өткен демалыста қайтыс болған еді. Ал кеше дүкенде жүргізілген тексеріс барысында стафилококк табылды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер дүкеннің лас екенін анықтады. Сонымен қатар өнімдер таңбаланбаған әрі сатушы арнайы киімсіз жұмыс істеген.
Нәтижесінде сауда нүктесінің жұмысы тоқтатылып, иесіне айыппұл салынды. Ол санитарлық талаптарды бұзып, құжаты жоқ тауарларды сатқаны үшін, 300 АЕК (721 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді.
Сонымен қатар департамент өкілдері дүкендегі өнімдерді де тексерді. Нәтижесінде ішек таяқшалары табылды.
Еске сала кетсек, 14 жастағы Жаннұр Ержігіттің өлімі Есік қаласының тұрғындарын селт еткізген еді. Бала гамбургер жегеннен кейін бірден іші ауырып, құса бастаған. Сол күні тағы 4 оқушы уланып қалған екен. Алайда олар дәрігердің көмегіне жүгінбеген. Ал Жаннұр Ержігіт бірнеше күннен кейін қайтыс болды. Ал ауруханада баласынан айырылған әке дәрігерлерді пышақтақтап тастады. Артынша ІІД бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.
14 жастағы Жаннұрдың өлімінің нақты себебі сараптама барысында анықталады.