"Алматыдан үй мен BMW көлігін алған": "Еңбек" РММ қызметкерлері 449 млн теңге ұрлады деп айыпталды
Қаржы мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті "Еңбек" РММ филиалының бұрынғы басшыларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
2021-2023 жылдары РММ мен оның аймақтық филиалы "бір көзден сатып алу" әдісімен киім және аяқ киім өндірісіне арналған былғары және трикотаж шикізатын жеткізуге 23 келісім-шарт жасаған. Алайда, тауарлар жеткізілмеген. Нәтижесінде 449 миллион теңге бюджет қаражаты ұрланған.
“Қылмыстық кірісті заңдастыру мақсатында күдіктілер заңмен белгіленген ақшаны қолма-қол айналдыру шегін қолданбай, кәсіби ақша жылыстатушының қызметін пайдаланған. Ол ақшаны бөліп, өзінің бақылауындағы 4 жеке кәсіпкердің атынан киім және аяқ киім тігуге арналған тауар жеткізу туралы жалған келісімдер жасаған. Аталған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 122 миллион теңге қаражат қолма қол ақшаға айналған. Қылмыстық табыстарға Алматы қаласынан жеке үй мен "BMW X6" автокөлігі сатып алынған. Оларды ықтимал тәркілеуден жасыру үшін сенімді тұлғаларға ресімдеген”, – делінген хабарламада.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған мүлікке соттың санкциясымен тыйым салынды. Күдіктілер 2 айға қамауға алынды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.
Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да бір топ лауазымды тұлға көшенің жарығын ауыстыруға бөлінген 2,5 миллиард теңгені жымқырғаны туралы жазған едік.